3,6 млн теңгеден асатын несие алушылар жұбайының келісімін қалай рәсімдейді

кредит несие
Фото: Pexels

АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғаларға банктен қарыз бен шағын несие беру кезінде жұбайлардың келісімін талап ететін шарттарды нақтылайтын қаулы жобасын жариялады.

«Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылға белгіленген мың еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын тұтынушылық банктік қарыздың немесе тұтынушылық микрокредиттің ең төменгі мөлшері бекітілсін», — деп жазылған қаулы жобасында.

Қарапайым тілмен айтсақ, қатардағы қазақстандықтар банктен несие немесе қаржы ұйымдарынан шағын несие алған кезде сұрап отырған сома 1000 айлық есептік көрсеткіштен асса, жұбайының келісімін алуы керек. 

2024 жылғы бір айлық есептік көрсеткіш 3692 теңге екенін ескерсек, шекті сома 3 млн 692 мың теңге деген сөз.

«Кредит беруші жеке тұлғаға кредит беру туралы шешім қабылдағаннан кейін азаматтық хал актілерінің ақпараттық жүйесі (АХАЖ) арқылы оның жұбайы туралы ақпаратты тексереді не кредиттік бюродан АХАЖ-да бар ақпаратты алады. Жұбайының келісімі АХАЖ-да клиенттің жұбайы туралы ақпарат болған кезде талап етіледі», — делінген құжатта.

Несие алушының жұбайы өз келісімін қағаз түрінде де, онлайн тәсілмен де раста алады. Келісім беру құжатында мына деректер көрініс табу керек:

  • келісімнің ресімделген күні;
  • клиент пен жұбайының тегі, аты, әкесінің аты және жеке сәйкестендіру нөмірі;
  • рәсімделетін кредиттің сомасы, мерзімі, сыйақы мөлшерлемесінің көлемі.

Қағаз түрінде берілген келісімді нотариус арқылы куәландыру қажет. 

Электронды келісім беру eGov веб-порталы биометриялық идентификаттау (адамның бет әлпетін веб-камера арқылы біріздендіру) арқылы рәсімделеді.

Мұндай келісімді несие алушының жұбайы электрондық цифрлық қолтаңба арқылы 48 сағат ішінде куәландыруы қажет.

Соңғы жаңалықтар