378 мың адамды жұмыспен қамту қажет ? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Республика бойынша 378 мың адам жұмыспен қамтуды қажет етеді.
Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Үкімет жұмыс орындарын сақтау мен қызметкерлердің жаппай жұмыстан босатылуының алдын алу шараларын қабылдап отыр. Қазіргі күні жергілікті атқарушы органдардың дағдарысқа қарсы бағдарламалары негізінде жұмыспен қамту картасы әзірленген. Болжам бойынша дағдарыс салдарынан биыл еліміздегі 136,4 мың адам жұмыстан босап қалуы мүмкін. Бұған қоса, алдын ала деректер бойынша биылғы жылы оқу орындарының 191 мыңға жуық түлектері еңбек нарығына келеді. Сондай-ақ «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында 50 мың оралманды жұмысқа орналастыру қажет болады. Осыларды ескере келгенде, жалпы алғанда 378 мың адам жұмыпен қамтуды қажет етеді», - деді Г. Әбдіхалықова.
Министрдің айтуынша, елімізде өткен жылдың төртінші тоқсанында еңбек нарығындағы жағдай нашарлап кеткен. Мәселен, 2008 жылғы қазан-желтоқсан айларындағы жұмыспен қамтылғандар саны 126 мың адамға азайыпты. Ал жұмыссыздар саны 12,6 мың адамға көбейген. Ағымдағы жылдың қаңтар айында жұмыспен қамту тағы да 40 мың адамға төмендеген. Сәуірдің 1-індегі жағдай бойынша жұмыссыздар саны 589,6 мың адамды құраса, жұмыссыздық деңгейі 6,6 пайыздан 7 пайызға артып отыр. Сондай-ақ жұмысшылар саны 245 мың адамды құрайтын 642 кәсіпорынның өндірісі толық немесе ішінара тоқтатылған. Оның ішінде 87,4 мың жалдамалы еңбеккер жұмыс күні толық емес тәртіпке ауысқан немесе жалақысы сақталмайтын демалысқа шығарылған.