№38 қазақ мектеп-лицейінің іргесі қаланғанына 10 жыл толды
АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Астана қаласындағы №38 қазақ мектеп-лицейінің ірге тасы қаланғанына 10 жыл толды.
Осы межеге байланысты аталған білім ұясы алғашқы мерейтойын салтанатты жағдайда атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Әмірхан Рақымжанов мектеп ұжымына шаһар басшылығының ыстық лебізін жеткізді. «Бұл мектеп-лицей республика бойынша үздік деп танылған. Қала мектептері арасында әкім кубогін бірнеше дүркін жеңіп алды. Ұлттық бірыңғай тест қорытындысы ойынша ең жоғарғы көрсеткішке ие болды. Он жылда жеткен жетістіктері өте мол. Алдағы уақытта да алар асулары биік екеніне кәміл сенемін. Мұнда патриоттық сезімдері жоғары, елдің келешегін ойлайтын ұрпақ тәрбиеленіп жатқанына көзіміз жетті. Іргесі қаланғанына 10 жыл толып отыр дейміз. Сыныптарды аралап көрдім. Жаңа ашылған мектеп сияқты. Парталары да, тақталары да тап-таза, өте ұқыпты ұсталған. Бұл білім ұясы білім мен ғылымды, тәртіп пен тәрбиені, тазалықты бір-бірімен тығыз ұштастыра білген»,- деді Әмірхан Мұратбекұлы.
Айта кету керек, 1999 жылы жаңа үлгіде салынған осы білім шаңырағын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашып, өскелең ұрпаққа ізгі тілегін арнады.
Салтанатты шарада ұлағатты ұстаз Бикамал Иманбекқызына Алтынсарин атындағы медаль табыс етілді. Ол жұртшылық алдында толқып тұрып: «Бұл тек маған берілген марапат емес, барлық ұстаздар ұжымына берілген жоғарғы баға»,- деді. Сонымен қатар Ақсымбат Төлеуханқызына ҚР білім беру ісінің үздігі медалі табыс етілді. Осы ұжымның 7 ұстазына Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хаты берілді.
Осы білім ұясының директоры Жамал Базарқұлқызы Қасымбек өз сөзінде ұжым алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Білім ордасы туралы телефильм көрсетілді. Осы күні мектеп-лицейдің шағын мұражайы ашылды. «Айналайын» ән ансамблінің және мектеп шәкірттері мен ұстаздардың орындауында ән шырқалып, би биленді. Салтанатты шара мектептің әнұранының орындалуымен аяқталды.