390 мыңнан астам адам «Емдеуге жатқызу бюросы» порталының қызметін пайдаланды

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Бірыңғай мемлекеттік денсаулық сақтау ұлттық жүйесінің аясында «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы қызмет етуде.

390 мыңнан астам адам «Емдеуге жатқызу бюросы» порталының қызметін пайдаланды

Стационардың, емхана мен науқастың арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, сондай-ақ науқастарға дәрігер мен емхананы еркін таңдау құқын беруді мақсат еткен бұл порталдың қызметін 2012 жылдың 5 айында 390 мыңнан астам қазақстандық пайдаланған, деп хабарлады pm.kz сайты.

Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының ақпараты бойынша, ағымдағы жылдың 5 айында «Емдеуге жатқызу бюросы» порталының қызметін 390 мыңнан астам қазақстандық пайдаланған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 6 мыңға көп. Портал қызметіне жүгінгендердің 90,5 пайызы немесе 353 324 науқас еліміздің стационарларына емдеуге жатқызылған.

Тағы бір айта кететін жайт, емдеуге жатқызылғандардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 4,1 пайызға жоғары. Дереккөзге сүйенсек, қазақстандықтардың 85,2 пайызы жергілікті емханаларда емделуді жөн көреді, науқастардың 13,2 пайызы ғана республикалық деңгейдегі мекемелерде емделген.

«Емханаға жатқызу көрсеткішінің ең жоғары үлес салмағы (95 пайыздан астамы) Қостанай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр және емханаға жатуға жолдама берілген ауыл тұрғындарының үлесі 43,8 пайызды құрайды», - делінген Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының хабарламасында.

Қазіргі таңда порталдың жұмысына емханаға жоспарлы жатқызумен айналысатын еліміздің барлық денсаулық сақтау мекемелері жұмылдырылып отыр. Бұл шаралар халыққа «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының аясында ұсынылатын медициналық қызметтің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, науқастардың медициналық ұйым таңдау құқығын пайдалануына мүмкіндік береді.