391 отбасы мейрамды жаңа пәтерде қарсы алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ширек ғасырдан сәл ғана аз уақытта Қазақстан егеменді ұлттық экономикасын құрып, халықаралық қауымдастыққа тереңінен кірігіп, әлемдік ұлттар отбасының толық мүшесіне айналды. Біз халықпен бірге көп сынақтарды бастан кештік, одан шыныға түстік.
Біз осы жылдары табысты экономикалық дамудың қарқыны жөнінен бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тірлік кешіп көрген жоқ»,- деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Елбасының сөзінің дәлеліндей, дағдарысқа қарамастан өткен жылы мыңдаған қазақстандықтар ұлттық мейрамымыз - Тәуелсіздік күнін жаңа пәтерлерінде қарсы алды. «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ-ы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында еліміздегі екі қалада әлеуметтік жалға берілетін баспаналарды иелеріне тапсырды. «Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметі хабарлағандай, мейрамның алдында Астана мен Қызылорда қалаларында жалпы ауданы 21,6 мың шаршы метрді құрайтын 391 пәтер пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Астанадағы Қобыланды көшесіндегі тұрғын үйдегі 161 пәтер (жалпы ауданы 8,2 мың шаршы метр), Қызылордадағы Шүкіров көшесіндегі тұрғын үйдегі 230 пәтер (жалпы ауданы 13,4 мың шаршы метр) өз иелерін тапты.
«Пайдалануға берілген нысандарды сенімді құрылыс компаниясы тұрғызды. Біз құрылыстың сапасын үнемі бақылауда ұстадық. 20 жылға сатып алу құқымен жалға берілетін пәтерлердің жалдық құны әр шаршы метрге ай сайын 1120 теңгені құрайды. Бұл мұндай сападағы үй үшін айтарлықтай көңілге қонымды баға екені даусыз»,- деп мәлімдеді Астанадағы салтанатты рәсімде «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Құдайберген Бейсембаев. Компания таратқан ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі күнге дейін жалпы ауданы 353 мың шаршы метрді құрайтын Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Семей, Павлодар, Қарағанды, Тараз, Қызылорда, Талдықорған, Ақтау қалаларындағы 6 мыңнан астам пәтерлер пайдалануға берілген.
Бұған қоса, «Бәйтерек» холдингі пәтерлерді жалға алған азаматтардың қаржылық жүктемесін азайту үшін, Салық кодексіне түзету енгізу бағытында іс-шаралар атқарды. Осы түзетулерге сәйкес, 2016 жылдан бастап пәтерлерді жалға алушылар мүлік салығын азаматтық тұлғалармен бірдей мөлшерлемеде төлеуге мүмкіндік алды. Яғни, салық мөлшерлемесі 1,5 пайыздан 0,25 пайызға дейін төмендетілген. Атап айтарлығы, жалға берілетін пәтерлерді мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекемелердің жұмысшылары, жергілікті атқарушы органдарда үйдің кезегінде тұрғандар, көп балалы және мүгедек баласы бар отбасылар, мүгедек балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, толық емес отбасылар, әскери қызметкерлер алуға құқылы. Оларға жалдамалы баспана ешқандай алғашқы жарнаны төлемей, 20 жылға дейін сатып алу құқымен беріледі. Қаражаты жеткілікті болған жағдайда, 5 жылдан кейін жалдамалы пәтерін жекеменшігіне сатып алады.