3G стандарты келесі жылы республиканың барлық өңірлерін қамтитын болады - А. Жұмағалиев

АНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде 2010-2014 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту бағдарламасы тақырыбында Үкімет сағаты болып өтті.

3G стандарты келесі жылы республиканың барлық өңірлерін қамтитын болады - А. Жұмағалиев

Онда ҚР Ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасады.

Министрдің айтуына қарағанда, 2010-2014 жылдарға арналған ақпараттық технологияларды дамытудың салалық бағдарламасының негізгі мақсаты еліміздің ақпараттық қоғамға және инновациялық экономикаға көшуі үшін ақпараттық-коммуникациялық саланы дамыту тетіктері мен жағдайын қалыптастыру болып табылады. «Бүгінгі күні бағдарлама бойынша негізгі жеті бағыт анықталып отыр. Атап айтсақ, бұлар - ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, интернет желісінің қазақстандық контентін ұлғайту, электрондық қызметтерді, электрондық үкіметті дамыту, сандық телехабарларды енгізу, ақпараттық коммуникация саласында білім беруді арттыру және жоғары технологиялық техника өндірісіне бағдарлама әзірлеу мен қызметтерді дамыту болып табылады», - деген министр А. Жұмағалиев осы бағыттар бойынша жеке-жеке тоқталып өтті.

Оның айтуына қарағанда, бағдарламаның бірінші бағыты, яғни ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында ағымдағы жылы «ngn» технологиясын енгізудің бірінші кезеңі аяқталған. Бұдан бөлек, wimax технологиясын дамыту шаралары да атқарылып келеді. Бұл ретте 3G стандарты жақында елордада іске қосылғанына тоқталған министр, аталған стандарттың келесі жылы республиканың барлық өңірлерін қамтитынын атап өтті. «Астана және Алматы қалаларында 4 G технологиясы тестілік режимнен өтуде», - деді А. Жұмағалиев.