4 қараша. Туған күн иелері
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 4 қараша күні дүниеге келген тұлғалардың күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
103 жыл бұрын (1915-2013) журналист, әдеби мұраларды жинаушы Гүлнәр Міржақыпқызы ДУЛАТОВА дүниеге келді.
Орынбор қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (қазіргі С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университет) бітірген. 1939-1987 жылдары - дәрігер-дерматолог қызметін атқарған.
Ол - «Алаш» қозғалысының қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар туралы деректерді алғаш жариялаушы. Алматыдағы Орталық мұражайға, Торғайдағы, Семейдегі, Астанадағы мұражайларға саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты олардың жеке заттарын, кітаптар, суреттер, хаттар мен құжаттар, т.б. көптеген экспонаттар тапсырған. Баспасөзде Дулатованың очерктер мен эсселері 1988 жылдан жариялана бастады. «Свет истины» («Шындық шырағы») кітабы 1995 жылы, 1999 жылы екі томдығы жарық көрді. Сондай-ақ, ол әкесінің «Оян қазақ!» (Алматы, 1989) кітабын, 2 томдық шығармалар жинағын (Алматы, 1996, 1997), 5 томдық шығармалар жинағын (Алматы, 2004) құрастырушыларының бірі.
57 жыл бұрын (1961) ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, әнші, актер Нұрлан Әлтайұлы ӨНЕРБАЕВ дүниеге келді.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы Қазақстан ауылында туған.
Қазақстан Жастар одағы сыйлығының (1992), «Дарын» сыйлығының (1995) иегері, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі (1995). М.Әуезов атындағы драма театры жанындағы актерлер студиясын бітіріп, осы театрда он жылдай еңбек етті. «Ана - Жер Ана» спектаклінде Жайнақ рөлін, «Қан мен терде» Рай рөлін ойнады. Тағы басқа 15 шақты спектакльдерде ірілі-ұсақты кейіпкерлерді сомдады. 1990 - 1998 жылдары Қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарды. 1996 - 1998 жылдары «Хабар» агенттігінде аудармашы, дубляж бөлімінің жетекшісі, 1998 - 2002 жылдары республикалық Президент оркестрінің әншісі болды. Нұрлан Өнербаевтың үлкен сахнадағы әншілік, орындаушылық өнер жолы 1986 жылдардан бастау алады. Ол «Сағыныш», «Анашым», «Әке арманы», «Қазақ қызы», «Сұлулық», «Ауылым», «Туған күн», «Сағындым ауылды», «Жан аға», «Махаббат көктемі», «Қарағым-ай», «Аққуым», «Таңғы тілек», «Ақ тілек», «Ай да, күн де» әндерін, сондай-ақ халық әндерінен «Дударай», «Сандуғаш», «Бір бидай арпа», «Үкілі кәмшат», «Ой көк», «Беу, айдай», «Бипыл» әндерін орындап жүр. Өнер сапарымен, концерттік бағдарламамен Түркия, Италия, Франция, Жапония, Чехия, Словакия, Марокко, Қытай, Германия, Моңғолия елдерінде болды. «Сұлулық», «Жан аға» атты аудио кассеталары мен «Қарағым-ай» және бірнеше үнтаспалары шыққан. 2003 жылдан «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы ЖАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақ радиосының бас директоры. 2007 жылғы қаңтардан - Алматы қаласы мәдениет департаментінің директоры. 2008 жылғы желтоқсаннан төртінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісіне «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша депутат болды. «Қыран» федерациясының құрметті президенті. «Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған, Мәдениет қайраткері.
54 жыл бұрын (1964) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Динар Жүсіпәліқызы НӨКЕТАЕВА дүниеге келді.
Талдықорған облысында туған. 1986 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтын бітірген. Еңбек жолын 1986 жылы Алматы облысының Іле, Жамбыл аудандарында балабақша тәрбиешісі, химия пәнінің мұғалімі болып бастады. 1992 және 1993 жылдары Жамбыл аудандық атқару комитетінде жастар ісі бойынша инспектор, аға референт болып қызмет істеді. 1994 жылдың қаңтарынан 1999 жылдың қазанына дейін Жамбыл ауданы әкімшілігінің референті, аудандық мәслихаттың жетекші маманы қызметтерін атқарды. 1999 жылдың қазанынан бастап Жамбыл ауданы мәслихатының хатшысы болды. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты 2008 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы 2011-2017 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры қызметін атқарды. Қазіргі қызметінде 2017 жылдың маусым айынан бері.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік награда «Құрмет» орденімен, сонымен бірге «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «ҚазақстанРеспубликасының Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006 ж.) мерекелік медалдармен марапатталды.
31 жыл бұрын (1987) «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы» АҚ Басқармасының төрағасы Бауыржан Қайратұлы ҚАЙРАТОВ дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында туған. 2010 жылы «Болашақ» бағдарламасы аясында АҚШ-тың Индиана университетін, 2016 жылы Мемлекеттік басқару академиясын тәмамдады.
Еңбек жолын 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласындағы «Тасымал көлігі» ЖШС-нің қаржы директоры болып бастаған.
2012 жылы - Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің арнайы бағдарламалар басқармасының сарапшысы, 2012-2013 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Мемлекеттік басқаруды дамыту департаментінің Мемлекеттік басқаруды дамыту саясаты департаментінің бас сарапшысы, 2013-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Мемлекеттік басқаруды дамыту департаментінің Мемлекеттік басқаруды дамыту департаментінің бас сарапшысы, 2014 жылы - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік және көші-қон саясаты департаментінің білім, ғылым, мәдениет және спортты дамыту басқармасының басшысы, 2014-2017 жылдары - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Әлеуметтік, көші-қон саясаты және мемлекеттік органдарды дамыту департаменті Білім, ғылым, мәдениет, спортты дамыту басқармасының басшысы, 2017 жылы - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Ақпараттық-аналитикалық орталығының жедел ақпарат секторының меңгерушісі. 2017-2018 жылы - «Қазақинвест» ұлттық компаниясы» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
Қазіргі қызметінде - 2018 жылдың қаңтарынан.