4 қараша. Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырман назарына 4 қараша күні дүниеге келген тұлғалардың күнтізбесін ұсынады.

4 қараша. Туған күн иелері

ЕСІМДЕР

106 жыл бұрын (1915-2013) журналист, әдеби мұраларды жинаушы Гүлнәр Міржақыпқызы ДУЛАТОВА дүниеге келді.

Орынбор қаласында туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (қазіргі С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университет) бітірген.

1939-1987 жылдары – дәрігер-дерматолог қызметін атқарған.

Ол – «Алаш» қозғалысының қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, тағы басқалар туралы деректерді алғаш жариялаушы.

Алматыдағы Орталық мұражайға, Торғайдағы, Семейдегі, Астанадағы мұражайларға саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты олардың жеке заттарын, кітаптар, суреттер, хаттар мен құжаттар, т.б. көптеген экспонаттар тапсырған.

Баспасөзде Гүлнәр Дулатованың очерктер мен эсселері 1988 жылдан жариялана бастады. «Свет истины» («Шындық шырағы») кітабы 1995 жылы, 1999 жылы екі томдығы жарық көрді.

Сондай-ақ, ол әкесінің «Оян қазақ!» (Алматы, 1989) кітабын, 2 томдық шығармалар жинағын (Алматы, 1996, 1997), 5 томдық шығармалар жинағын (Алматы, 2004) құрастырушыларының бірі.

60 жыл бұрын (1961) ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, әнші, актер Нұрлан Әлтайұлы ӨНЕРБАЕВ дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Қазақстан ауылында туған.

Қазақстан Жастар одағы сыйлығының (1992), «Дарын» сыйлығының (1995) иегері, ҚР еңбек сіңірген әртісі (1995). М. Әуезов атындағы драма театры жанындағы актерлер студиясын бітіріп, осы театрда он жылдай еңбек етті. «Ана – Жер Ана» спектаклінде Жайнақ рөлін, «Қан мен терде» Рай рөлін ойнады.

Тағы басқа 15 шақты спектакльдерде ірілі-ұсақты кейіпкерлерді сомдады. 1990-1998 жылдары Қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарды. 1996-1998 жылдары «Хабар» агенттігінде аудармашы, дубляж бөлімінің жетекшісі, 1998-2002 жылдары республикалық Президент оркестрінің әншісі болды.

Нұрлан Өнербаевтың үлкен сахнадағы әншілік, орындаушылық өнер жолы 1986 жылдардан бастау алады. Ол «Сағыныш», «Анашым», «Әке арманы», «Қазақ қызы», «Сұлулық», «Ауылым», «Туған күн», «Сағындым ауылды», «Жан аға», «Махаббат көктемі», «Қарағым-ай», «Аққуым», «Таңғы тілек», «Ақ тілек», «Ай да, күн де» әндерін, сондай-ақ халық әндерінен «Дударай», «Сандуғаш», «Бір бидай арпа», «Үкілі кәмшат», «Ой көк», «Беу, айдай», «Бипыл» әндерін орындап жүр.

Өнер сапарымен, концерттік бағдарламамен Түркия, Италия, Франция, Жапония, Чехия, Словакия, Марокко, Қытай, Германия, Моңғолия елдерінде болды. «Сұлулық», «Жан аға» атты аудио кассеталары мен «Қарағым-ай» және бірнеше үнтаспалары шыққан.

2003 жылдан «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы ЖАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақ радиосының бас директоры. 2007 жылы – Алматы қаласы мәдениет департаментінің директоры. 2008 жылғы желтоқсаннан төртінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісіне «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша депутат болды.

«Қыран» федерациясының құрметті президенті.

«Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған, Мәдениет қайраткері.

59 жыл бұрын (1962) Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының басқарма төрағасы Азамат Мырзаданұлы ЖОЛДАСБЕКОВ дүниеге келді.

Целиноград қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) дүниеге келген.

Н.А. Вознесенский атындағы Ленинград қаржы-экономикалық институтын бітірген, экономист (1984); ЛФЭИ аспирантурасы (1987).

Еңбек жолы: Алматы халық шаруашылығы институтының оқытушысы (1988-1989); «Центрбанк» ҚҚАБ тобының жетекшісі (1989-1990); «Инвестбанк» басқарма төрағасының орынбасары (1990-1991); «Альбарака Қазақстан» халықаралық бірлескен банкінің атқарушы президентінің міндетін атқарушы, атқарушы президентінің орынбасары (1991-1994); «Верный Банкі» кеңесінің төрағасы, Басқарма төрағасы (1994); Қазақстан Республикасы банктер қауымдастығының вице-президенті (1994-1995); Қазақстан банкаралық валюта-қор биржасының (Қазақстан қор биржасының) консультанты, бас директорының орынбасары, бас директорының міндетін атқарушы (1995-1997); Алматы қаржы құралдары биржасының президенті (AFINEX) (09.1997-11.1997); Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының атқарушы директоры – мүшесі (1997-1999); Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы (1999-2001); Қазақстан Республикасының Бағалы қағаздар жөніндегі); БҚҰК тарату комиссиясының және «БҚҰК шаруашылық басқармасы» РМК төрағасы, «Прагма» корпорациясының консультанты, «Citibank Kazakhstan» тарабының консультанты, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының қаржы нарықтары жөніндегі директоры (2001-2002); «Қазақстан қор биржасы» АҚ президенті (2002-2009, 2013-2014); Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының кеңесшісі (2014); «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы, тәуелсіз директоры (2014 жылдан бастап); «Қазақстан қор биржасы» АҚ, «Бағалы қағаздар орталық депозитарийі» АҚ тәуелсіз директоры (2009, 2014-2017); «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) Директорлар кеңесі төрағасының орынбасары (2016 жылдан бастап).

Атқаратын лауазымында – 2019 жылғы мамырдан бастап.

57 жыл бұрын (1964) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Динар Жүсіпәліқызы НӨКЕТАЕВА дүниеге келді.

Талдықорған облысында туған. 1986 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтын бітірген.

Еңбек жолын 1986 жылы Алматы облысының Іле, Жамбыл аудандарында балабақша тәрбиешісі, химия пәнінің мұғалімі болып бастады.

1992 және 1993 жылдары Жамбыл аудандық атқару комитетінде жастар ісі бойынша инспектор, аға референт болып қызмет істеді. 1994 жылдың қаңтарынан 1999 жылдың қазанына дейін Жамбыл ауданы әкімшілігінің референті, аудандық мәслихаттың жетекші маманы қызметтерін атқарды.

1999 жылдың қазанынан бастап Жамбыл ауданы мәслихатының хатшысы болды. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты 2008 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, 2011-2017 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде 2017 жылдың маусым айынан бері.

«Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001 ж.), «ҚазақстанРеспубликасының Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» (2006 ж.) мерекелік медальдарымен марапатталған.