4 қараша. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 4 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

Нұрлан ӨНЕРБАЕВ, ҚР еңбек сіңірген әртісі, мемлекет және қоғам қайраткері

Нұрлан ӨНЕРБАЕВ
Фото: Ұлттық академиялық кітапхана / facebook.com

1961 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Қазақстан ауылында туған. 1980 жылы М. Әуезов атындағы драма театры жанындағы актерлер студиясын, 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірді.

Еңбек жолы: 1980-1990 жылдары М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының екінші пландағы актері, режиссердің көмекшісі, бас режиссердің көмекшісі, актер болды. Осы кезде «Ана — Жер Ана» спектаклінде Жайнақ рөлін, «Қан мен терде» Рай рөлін ойнады. Тағы басқа 15 шақты спектакльде ірілі-ұсақты кейіпкерлерді сомдады.

1990-1998 жылдары «Қазақ радиосында» диктор болып қызмет атқарды. 1996-1998 жылдары «Хабар» агенттігінде аудармашы, дубляж бөлімінің жетекшісі, 1998-2002 жылдары республикалық Президент оркестрінің әншісі болды. 2003 жылдан «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы» ЖАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақ радиосының» бас директоры болды. 2007 жылы Алматы қаласы мәдениет департаментінің директоры. 2008 жылғы желтоқсаннан төртінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісіне «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша депутат болды.

Нұрлан Өнербаевтың үлкен сахнадағы әншілік, орындаушылық өнер жолы 1986 жылдардан бастау алады. Ол «Сағыныш», «Анашым», «Әке арманы», «Қазақ қызы», «Сұлулық», «Ауылым», «Туған күн», «Сағындым ауылды», «Жан аға», «Махаббат көктемі», «Қарағым-ай», «Аққуым», «Таңғы тілек», «Ақ тілек», «Ай да, күн де» әндерін, сондай-ақ халық әндерінен «Дударай», «Сандуғаш», «Бір бидай арпа», «Үкілі кәмшат», «Ой көк», «Беу, айдай», «Бипыл» әндерін орындап жүр.

Өнер сапарымен, концерттік бағдарламамен Түркия, Италия, Франция, Жапония, Чехия, Словакия, Марокко, Қытай, Германия, Моңғолия елдерінде болды. «Сұлулық», «Жан аға» атты аудио кассеталары мен «Қарағым-ай» және бірнеше үнтаспалары шыққан.

«Астана», «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 15 жыл» (2010) медальдарының, «Дарын» жастар сыйлығының (1995), «Мәдениет қайраткері» (2008) иегері.

Динар НӨКЕТАЕВА, Қазақстанның саяси қайраткері

Динар НӨКЕТАЕВА
Фото: senate.parlam.kz

1964 жылы Талдықорған облысында (қазіргі Жетісу облысы) дүниеге келген. 1986 жылы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін және Ө.А.Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтын бітірген.

Еңбек жолын 1986 жылы Алматы облысының Іле, Жамбыл аудандарында балабақша тәрбиешісі, химия пәнінің мұғалімі болып бастады. 1992-1993 жылдары Жамбыл аудандық атқару комитетінде жастар ісі бойынша инспектор, аға референт болып қызмет істеді. 1994-1999 жылдары Жамбыл ауданы әкімшілігінің референті, аудандық мәслихаттың жетекші маманы қызметтерін атқарды. 1999-2004 жылдары Жамбыл ауданы мәслихатының жетекші маманы, хатшысы болды. 2004-2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, 2008-2011 жылдың желтоқсанында ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болды. 2011-2017 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры қызметін атқарды. 2016 жылы VI сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты, жергілікті мемлекеттік басқару және заңдылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы, 2017-2023 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі болды.

«Парасат», «Құрмет» (2007) ордендерімен; «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» (2006), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011) медальдарымен, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының «Белсенді қызметі үшін» омырау белгісімен (2011), «Қазақстан қаржы полициясына 20 жыл» (2014), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» (2015) медальдарымен; «Почетный работник образования Республики Казахстан» (2009), «Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлеріне 20 жыл» төсбелгілерімен марапатталған.

Әсия ТЕМІРБАЕВА, Шымкент қаласының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы

Әсия ТЕМІРБАЕВА
Фото: Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы

1967 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында туған. Біліктілігі инженер-гидротехник және экономист.

Еңбек жолын 1989 жылы Шымкент қаласында «Союзгипрорис» жобалау институтының инженері болып бастаған. 1992-2008 жылдары Шымкент қаласында «Южказводпроект» жобалау институтының инженері, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығында 1-дәрежелі маман, 2-дәрежелі маман, бас маман, бөлім басшысы, сектор меңгерушісі, Шымкент қаласының АСУ және информатика бөлімінің маманы, бөлім басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы еңбек, халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау департаментінің бас маманы, бөлім басшысы қызметтерін атқарған. 2008-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы халықты жұмыспен қамту басқармасының бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы — Оңтүстік Қазақстан облысының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы лауазымдарын атқарған. 2017-2019 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы болып қызмет атқарды. 2019-2025 жылдары Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болды.

Ерсайын ӘЛІМБАЕВ, Маңғыстау облысы Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары

Ерсайын ӘЛІМБАЕВ
Фото: Маңғыстау облысы Мемлекеттік кірістер департаменті

1976 жылы Өзбекстанның Хожейлі қаласында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан Ашық Университетін құқықтану мамандығы бойынша (1998) және Алматы Менеджмент Университетін бизнес әкімшілігі мамандығы бойынша (2015) бітірген.

Еңбек жолы: Ақтау қалалық полициясында қызмет еткен (1997-2001); Ішкі қауіпсіздік қызметінің инспекторы (2001); «Тәжен», «Теңіз порты», «Ақтау әуежайы» және «Ақтау — кедендік ресімдеу орталығы» кеден бекеттерінің бастығы; Маңғыстау облысы бойынша кедендік бақылау департаменті басшысының орынбасары; Кедендік бақылаудан кейінгі департаменттің басшысы және Мемлекеттік қызмет департаментінің басшысы қызметтерін атқарған.

Қазіргі қызметін 2026 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді.

Эльдар СӘРСЕНОВ, «Нұрбанк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы

Эльдар СӘРСЕНОВ
Фото: Kazinform

1984 жылы туған. АҚШ-тың Бостон қаласындағы Саффолк университетін бизнес әкімшілігі бакалавры (BBA) және АҚШ-тың Бостон қаласындағы Солтүстік-шығыс университетін бизнес әкімшілігі магистрі (MBA) дәрежесімен бітірген.

Еңбек жолы: Helios жанармай құю станциялары желісінде маркетинг жөніндегі менеджердің көмекшісі, сату және маркетинг жөніндегі директордың орынбасары; АҚШ-тың TAG Heuer швейцариялық сағат компаниясының маркетинг жөніндегі басшысы; «Нұрбанк» АҚ басқарушы директоры; «Нұрбанк» АҚ Басқарушы директоры қызметтерін атқарды (2015-2021).

2024 жылдың қараша айынан бері қазіргі қызметінде.

Гүлнәр Міржақыпқызы ДУЛАТОВА, журналист, әдеби мұра жинаушы

Гүлнәр Міржақыпқызы ДУЛАТОВА
Фото: qazaq1913.com

1915 жылы Орынборда туған. Алматы мемлекеттік медицина институтын (қазіргі С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) бітірген. 1939 жылдан 1987 жылға дейін дерматолог болып жұмыс істеді.

Гүлнәр Дулатова ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілдерін саяси-азаматтық оңалтудың бастамашысы болды. Ол алғаш рет Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты қайраткерлерге қатысты материалдарды КОКП Орталық Комитеті жанындағы Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау комитетіне жолдады. Гүлнәр Дулатова саяси реабилитациядан кейін Қазақстан музейлеріне көптеген жәдігерлерді тегін сыйға тартты (Республикалық орталық мұражайға, Торғайдағы А. Байтұрсынов және М. Дулатов мұражайларына, Қостанай, Семей, Астана, т. б. мұражайларға): сирек кездесетін заттар — революцияға дейінгі кітаптар, жеке заттар, көптеген фотосуреттер, хаттар және басқа да үлкен тарихи маңызы бар құжаттар.

Мерзімді басылымдарда көптеген мақалалары, очерктері, эсселері жарияланған. 1993 жылы «Жылдың үздік очеркі үшін» Г. Дулатова «Қазақ әдебиеті» газетінің 1-ші сыйлығымен марапатталды. 1995 жылы «Шындық шырағы» естеліктер кітабы жарық көрді. 1999 жылы «Шындық шырағының» жалғасы ретінде екі томдық кітабы жарыққа шықты.

Гүлнәр Дулатова Қазақстан және бірқатар шет мемлекеттер ғалымдарының әдеби-тарихи-этнографиялық зерттеулеріне үлкен көмек көрсетті. Сөйтіп, әдебиеттанушы-ғалым-тарихшылар Томохико Уяма (Жапония), Исанбике Валиди Тоған (Түркия), Хасан Оралтай (Германия), Марат Әбсеметов, Сәбира Иманбаева сынды зерттеушілермен бірлесіп, олардың жұмыстарына атсалысты. Ол әкесі Міржақып Дулатовтың — «Оян, қазақ!» шығармалар жинағының құрастырушысы.