4 қыркүйек. Kazinform күнтізбесі. Жылнама

Kazinform оқырман назарына 4 қыркүйекке арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе
Фото: Kazinform

Халықаралық таеквондо күні

Бұл күнді Дүниежүзілік таеквондо федерациясы 2006 жылы Вьетнамның Хошимин қаласында өткен Бас ассамблеяда ресми түрде бекітті.

Мерекенің 4 қыркүйекте атап өтілуі кездейсоқ емес. 1994 жылы дәл осы күні Халықаралық Олимпиада комитеті таеквондоны ресми түрде олимпиадалық спорт түрлерінің қатарына қосты.

Таеквондодан жарыстар алғаш рет 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

2009 жылы Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы мен «Самұрық-Энерго» АҚ Қазақстанда жел және күн электр станцияларын салу жобаларын жүзеге асыру үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

2009 жылы Астанада қала әкімдігі алдындағы алаңнан алғаш рет «Халықтар достығы-2009» V халықаралық автошеруі басталды.

2010 жылы Мәскеудегі Кино үйінде ТМД және Балтық елдері ұлттық кинематографиясының XIV форумы аясында қазақстандық режиссер Рашид Нұғмановтың «Ине. Ремикс» фильмінің премьерасы өтті.

Жаңа фильмге «Ине» картинасына дейін түсірілген, бірақ оның бастапқы нұсқасына енбеген материалдар, сондай-ақ комикске ұқсас графикалық элементтер қосылды.

2013 жылы Қазақстан Республикасы Санкт-Петербургте өткен «Үлкен жиырмалық» (G20) саммитіне ЕАЭО, Кеден одағы және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының өкілі ретінде шақырылды.

G20 жұмысына қатысу Қазақстан үшін өз күн тәртібін жаһандық деңгейде ілгерілетуге, сыртқы саяси және халықаралық беделін нығайтуға мүмкіндік берді.

2016 жылы Астанада ауқымды спорттық шара – «Астана марафоны» халықаралық қайырымдылық жарысы басталды.

Жарысқа әлемнің 25 елінен, соның ішінде АҚШ, Франция, Италия, Жапония, Австралия, Германия, Иран, Ирландия, Бельгия, Ресей, Бразилия, Эстония, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Грекия, Канада, БАӘ және Нидерландтан келген спортшыларды қоса алғанда 4 500 адам қатысты.

Жүгірушілер таңертең «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы маңынан старт алып, 1, 10, 21 және 42,2 шақырымдық қашықтықтарды бағындырды.

2019 жылы Астанада Азия елдері жазушыларының алғашқы форумы өтті. Оның мақсаты – Азия құрлығындағы мемлекеттер арасындағы әдеби және мәдени байланыстарды нығайтып, одан әрі дамыту.

Ауқымды халықаралық іс-шараға алғаш рет Қытай, Үндістан, Ресей, Иран, Жапония, Түркия, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Оңтүстік Корея, Оңтүстік-Шығыс және Орталық Азия мемлекеттерін қоса алғанда, Азияның 44 елінің өкілдері қатысты.

Форум қорытындысы бойынша Азия әдебиетін дамыту және әдеби жобаларды қолдау мәселелері жөнінде форум делегаттарының Азия мемлекеттері мен үкімет басшыларына үндеуі қабылданды.

2020 жылы Шығыс Қазақстандағы Елеке сазы алқабынан археологтар бірегей артефактілер тапты. Табылған 850 алтын бұйым сақ билеушісінің ат әбзелдерін безендіруге арналған әшекейлер болған.

Жасалу технологиясы, материалдары, пішіні мен сюжетіне қарай алтын әшекейлер алдын ала б.з.д. V-IV ғасырларға жатқызылды. Олар Тарбағатай сақтары өнерінің ескерткіштері саналады. Әшекейлердің бірегейлігі олардың өзіндік ерекшелігі, бай безендірілуі және жоғары сапалы орындалуынан көрінеді.

2020 жылы түркология мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттердің алғашқы Құрылтайы ашылды.

Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстаннан келген студенттер қатысып, түркі халықтарының фольклоры, әдебиеті, тіл білімі мен дәстүрлерін зерттеу бойынша баяндамалар жасап, пікір алмасты.

Алғашқы Құрылтай түркология кафедралары кеңесінің отырысында қабылданған шешімдердің жүзеге асуының көрінісі болды.

2021 жылы Токиода өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан медаль саны бойынша тарихи рекорд орнатты. Ел құрамасы бір алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленді.

Жарыста пауэрлифтер Давид Дегтярев, дзюдошылар Теміржан Дәулет, Ануар Сариев, Зарина Байбатина және жүзуші Нұрдәулет Жұмағали ел намысын қорғады.

2021 жылы Тараз тұрғыны Қызыл жұлдыз ауылының маңынан көне тиындар көмбесін тапты. Көмбедегі күміс бұйымдар ұсақ бөліктерге кесілген болып шықты.

Ғалымдардың болжамынша, қазына кезінде саудагерлердің біріне тиесілі болуы мүмкін. Рафаэль Искандеров салмағы жарты келіге жуық көне күмісті тарихи-мәдени музейге тапсырды.

Археологтардың айтуынша, мұндай көлемдегі артефактілер бұрын-соңды кездеспеген. Тиындардың соғылу ерекшеліктерін зерттеген мамандар күмістің Саманидтер дәуіріне, шамамен X ғасырдың ортасына тиесілі екенін анықтады.

2023 жылы Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығында «Қонақжай өлке. Сапалы өндіріс» ұранымен Shandong Heavy Industry Group (SHIG) компаниясының Жаһандық серіктестер форумы мен өнімдер көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Іс-шара ТМД өңіріндегі серіктестермен ықпалдастықты күшейту, тәжірибе алмасу және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Оған ТМД елдері үкіметтерінің өкілдері, дилерлер, өңірлер мен муниципалитеттердің басшылары, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияда SHIG компаниясының соңғы ғылыми-техникалық инновациялары, соның ішінде жаңа автомобиль әзірлемелері мен күштік қондырғылар саласындағы озық технологиялар таныстырылды.

Сондай-ақ қатысушыларға жоғары техникалық сипаттамалары мен заманауи технологияларының арқасында әлемдік нарықта мойындалған жүк көліктері, автобустар және арнайы техниканың кең ауқымы көрсетілді.

2023 жылы Қазақстанда отбасыларға, әйелдер мен балаларға көмек көрсететін бірыңғай телефон нөмірі іске қосылды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс қызметін пайдаланушылар тегін хабарласа алатын жедел медициналық, құқық қорғау, өрт сөндіру, авариялық және басқа да қызметтердің тізімін толықтырды.

111 нөмірі арқылы қазақстандықтарға ақпараттық-анықтамалық және ұйымдастырушылық сипаттағы тегін байланыс қызметтері, психологиялық көмек, сондай-ақ азаматтардың заңды құқықтарын қамтамасыз етуге қатысты барлық мәселе бойынша бастапқы консультациялар көрсетіле бастады.

2024 жылы Ақмола облысының спортшысы Давид Дегтярев Паралимпиада ойындарында 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихындағы тұңғыш екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды.

Дастан Мұқашбеков Паралимпиада ойындарында ядро лақтырудан қола медаль иеленді. Ол 16 метр нәтиже көрсетіп, Азияның жаңа рекордын орнатты.

2025 жылы Астанадағы EXPO көрме кешенінде Қазақстандағы жасанды интеллектпен жұмыс істеуге арналған алғашқы автономды суперкомпьютер таныстырылды.

Жүйе мемлекеттік органдар мен ірі компанияларға интернетке қосылмай-ақ және деректердің сыртқа таралу қаупінсіз жасанды интеллект технологияларын пайдалануға мүмкіндік береді. Отандық суперкомпьютердің жасалуы Қазақстанның цифрлық тәуелсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам саналады.

Жүйенің негізгі элементі – әртүрлі нейрожелілерді бірыңғай кеңістікте біріктіретін мультиагенттік платформа. Оның көмегімен цифрлық агенттерден тұратын командалар құруға болады. Олардың бір бөлігі деректерді талдаса, енді бірі мәтін әзірлейді, ал үшіншісі жоспарлау міндеттерін атқарады.