4 қыркүйек. Тұлғалар туған күн

календарь күнтізбе
Фото: Kazinform/ Midjourney

Бүгін, 4 қыркүйек күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

82 жыл бұрын (1942) жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбегі сіңген қызметкері Төлен ӘБДІК дүниеге келді.

 АБДИКОВ Толен
Фото: novoetv.kz

Ол Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында туған. 1965 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.

1965-1970 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1970-1977 жылдары «Жалын» альманахында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1977-1979 жылдары «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, 1979-1990 жылдары Қазақстан КП Орталық комитетінде жауапты қызметте болған. Біраз жыл «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болып істеді. 1993-2008 жылдары ҚР Президенті әкімшілігінде жауапты қызметте болды.

Халықаралық Кафка және Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлықтарының лауреаты (2003). ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

76 жыл бұрын (1948) ақын, Қазақстан Республикасының 1992 жылы қабылданған Мемлекеттік Әнұраны мәтіні авторларының бірі Жадыра ДӘРІБАЕВА дүниеге келді.

Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы Қыздар педагогикалық училищесін, Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетін, Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының көркем аударма бөлімін бітірген.

1978-1991 жылдары Мәскеудегі А.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтында (ГИТИС) қазақ актерлер бөлімінде дәріс берген. 1982-1990 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында секретариат меңгерушісі, 1991-1992 жылдары «Қазақстан әйелдері» журналында бөлім меңгерушісі болған.

55 жыл бұрын (1969) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Еркін Аманжолұлы ӘБІЛ дүниеге келді.

АБИЛЬ Еркин Аманжолулы
Фото: parlam.kz

1992 жылы Қостанай облысында туған. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолы: 1992-2009 жылдары ҚР Ішкі істер министрлігінің және ҚР Әділет министрлігінің оқу орындарында жұмыс істеді, 2009-2016 жылдары ҚМПИ ғылыми жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры, 2016-2020 жылдары Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры болған. 2020-2023 жылдары Мемлекет тарихы институтының директоры лауазымын атқарды.

2023 жылдың наурыз айынан бастап қазіргі қызметінде.

«Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған; «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының қызметіне сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған.

49 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінің бас директоры Рашида Ерімқызы ХАРИПОВА туған.

ХАРИПОВА Рашида Еримовна
Фото: csmrk.kz

Атырау облысы Атырау қаласында дүниеге келген.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін (Биология пәні оқытушысы – 2001), «Нархоз» университетін (Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша экономика және бизнес бакалавры – 2016), Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін (Педагогикалық ғылымдар магистрі – 2020) тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1993-1994 жылдары «Жасталап» оқу өндірістік комбинатында іс жүргізуші, 1994-1999 жылдары биология пәнінің мұғалімі, 1999-2001 жылдары кәсіптік бағдар беру жөніндегі методист, 2001-2003 жылдары директордың оқу өндірістік істері жөніндегі орынбасары, 2003-2009 жылдары Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің «Өлке табиғатын ғылыми-зерттеу» бөлімінің бөлім меңгерушісі, 2009-2010 жылдары Музей басшысының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, 2010-2014 жылдары Музей басшысының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары, 2014-2022 жылдары музей басшысы болды.

Қазіргі қызметінде 2022 жылдың наурызынан.

96 жыл бұрын (1928-2013) әйгілі геолог, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дүбек Дүйсенбекұлы ДҮЙСЕНБЕКОВ дүниеге келген.

ДУЙСЕНБЕКОВ Дубек Дуйсенбекович
Фото: exclusive.kz

Алматы облысының Қаратал ауданында туған. Қазақ тау-кен институтын (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) бітірген.

Жезқазған кен байыту комбинатында, Текелі геологиялық барлау партиясында геолог, аға геолог, партия бастығы болған. 1966-1993 жылдары Оңтүстік Қазақстан алтын кенін барлау экспедициясында жұмыс істеген. 1968 жылы Бетпақдалада жүргізген геологиялық іздеу жұмыстарының нәтижесінде Ақбақай алтын кенін ашқан. 1971-1978 жылдары осы кен орнында алдын ала барлау, жете барлау жұмыстарын жүргізген.

Сонымен қатар Миронов висмут, Карьерный, Бескемпір, Ақсақал алтын кендерін ашқан. Ақбақай кенді ауданының геологиясы, минералогиясы, петрографиясы туралы зерттеулер жүргізген. Көптеген ғылыми еңбектің авторы.

2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, медальдермен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар
telegram