4 мамырдан бастап Павлодарда 30 мыңнан астам адам жұмысқа шығады

« Жақын арада карантинді жеңілдетудің екінші кезеңі басталады. Сіздердің көпшілігіңіз оны күттіңіздер, кейбір нысандардың ашылу мерзімі туралы сұрадыңыздар. Мен сіздерге 4 мамырдан бастап Павлодар облысының 30 мың тұрғыны жұмысына оралып, өз бизнесін қайта жандандыратынын қуанышпен мәлімдеймін», - деп жазды обылс әкімі Әбілқайыр Сқақов Facebook парақшасында.
Сонымен, дүйсенбіден бастап қысқартылған жұмыс күні және алдын ала жазылу бойынша мына нысандар жұмысын бастайды:
• Медицина және оптика орталықтары;
• Сұлулық салондары;
• Аумағы 500 шаршы метрге дейінгі азық-түлік сатпайтын дүкендер;
• Ақпараттық байланыс технологиялары орталықтары, жарнама, жылжымайтын мүлік, қойма және логистика саласындағы компаниялар;
• Адвокаттар мен нотариустар;
• Кішігірім қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар мен и айырбастау пунктері;
• Сурет салондары, гүл сататын дүңгіршектер және басқалар. ⠀
Сонымен қатар, далада спортпен айналысуға рұқсат беріледі. Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы БАҚ-та жарияланған.
«Құрметті жерлестер, карантин шараларының жеңілдетілуі өз денсаулығымызға немқұрайлы қарауға болады дегенді білдірмейді. Бұрынғыдай барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, өзіміз бен жақындарымызды қорғауымыз керек», - дейді облыс басшысы.
Фото: Ольги Бугаевой