4 наурыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. 4 наурыз. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2014 жылғы 4 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

4 наурыз. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

4 НАУРЫЗ, СЕЙСЕНБІ

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1 7 жыл бұрын (1997) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін және мемлекеттік тіркеуді тәртіптеу жөніндегі шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.

1 7 жыл бұрын (1997) ҚР Президентінің Жарлығымен және ҚР Үкіметі қаулысымен Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі базасында «Қазақойл» Ұлттық мұнай-газ компаниясы құрылды. Мұнай-газ кешенін басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында 2002 жылғы ақпанның 20-ында «Қазақойл» Ұлттық мұнай компаниясы мен «Мұнай және газ көлігі» Ұлттық компаниясы қосылып, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы құрылды.

1 5 жыл бұрын (1999) Алматы көшелерінің біріне Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі беріліп, ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды.

14 жыл бұрын (2000) Қостанайда, Киров атындағы көшеге қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбековтің есімі берілді.

21 жыл бұрын (1993) ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Мемлекеттік холдингтік компаниялар туралы» Жарлығы шықты.

21 жыл бұрын (1993) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» ҚР Заңы күшіне енді.

21 жыл бұрын (1993) «Мемлекеттік кәсіпорындарды акционерлік қоғамдарға қайта құру жөніндегі ұйымдық шаралар туралы» ҚР Президентінің Жарлығы жарияланды.

9 жыл бұрын (2005) Республикалық бюджеттің атқарылуын қадағалау жөніндегі Қазақстан Республикасы Есеп комитеті мен Американдық халықаралық даму жөніндегі агенттік (ЮСАИД) арасында Есеп комитетін нығайту мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

ЮСАИД тексерулердің орындалуы мен жеделдігін, нақтылығы мен сенімділігін арттыруға қолдау көрсету үшін жұмыс әдістерін анықтау және енгізу мәселелері бойынша Есеп комитетіне ынтымақтастық көрсететін болады.

9 жыл бұрын (2005) Лондонда Британ Өнеркәсібі Конфедерациясының қамқорлығымен Ұлыбританияның іскер және ресми топ өкілдері үшін Қазақстанның Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының таныстырылымы болып өтті.

9 жыл бұрын (2005) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Темірбек Қожакеев атындағы аудиторияның ашылу рәсімі өтті.

Темірбек Қожакеев (1926-2003) - белгілі ғалым, сатирик, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қазақ мемлекеттік университетінде 45 жыл бойы ұстаздық етіп, 6 мың журналист маман даярлаған. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы қоғамдық негізде жұмыс істейтін сықақшылардың «Найзагер» қауымдастығын басқарған.

6 жыл бұрын (2008) Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Тани келді.

Екі ел басшылары екіжақты ынтымақтастық мәселелер кешенін талқылап, өзара қызығушылық тудыратын өзекті халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар келіссөздерде Доханың Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің үдерісіне қосылуы, Катар өкілдерінің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жұмысына және Қазақстанның басқа да халықаралық бастамаларын ілгерілету шараларына қатысуы жөніндегі мәселелер қозғалды. Атап айтқанда, келіссөздердің экономикалық бөлігіне сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру, Қазақстан-Катар іскерлік кеңесін құру, екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форумдар ұйымдастыру. Мұнымен қоса Қазақстан астығын Катар нарығына жеткізу мүмкіндігі, сондай-ақ мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері кірді.

5 жыл бұрын (2009) тараздық жазушы, журналист, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосыновтың «Ақындар шоқжұлдызындағы Омар Хайям» атты жаңа кітабы қазақ тілінде жарық көрді.

Жинақ автордың көп жылғы аударған жұмыстарының қорытындысы. Отандық кітап баспасынан қазақ тіліне аударылған мұндай жырлар жинағы алғаш рет басылып шығарылды.

4 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесін одан әрі жетілдіру туралы» Жарлыққа қол қойды.

4 жыл бұрын (2010) Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшілігі жанынан Корея мәдениет орталығы салтанатты түрде ашылды.

Орталық жаңа заманғы сандық және IT технологиялардың соңғы үлгілерімен жабдықталған. сонымен қатар онда кітапхана, көрме және концерттік залдар, демалыс бөлмелері, танымал корейлік ақпараттық-технологиялық жүйелерін шығарушы электрондық компаниялардың өнімдерімен танысуға мүмкіндік беретін аудиториялар бар.

IT технологиялар залында келуші қонақтар сапалы бейнелі сандық тележүйенің арқасында Корея еліне сапар шеге алады. Ондағы пейзаждарды, қыс, жаз, күз және көктем жыл мезгілдеріндегі Кореяның жерін көруге болады.

Сонымен қатар, видеоматериалдар арқылы Кореяның дәстүрлі өнерімен, әртістердің қойылымдарымен және корейлік сериалдар мен фильмдер ұсынылады.

3 жыл бұрын (2011) Лондонда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбильяновқа Виктория Патшайым атындағы награда тапсырылды.

1 жыл бұрын (2013) Қазақстан өкілдері Ржев қаласын неміс-фашист басқыншыларынан азат етудің 70 жылдығына арналған салтанатты шараларға қатысты.

Сапар ауқымында Ржев қаласында 2010 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен салынған қазақстандық жауынгерлер - 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасының мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою салтанаты болды.

1 жыл бұрын (2013) «Атом» жобасының елшісі Кәріпбек Күйіков бастаған қазақстандық делегация ICAN үкіметтік емес ұйымы (Халықаралық ядролық қаруды жою науқаны) ұйымдастыруымен Осло қаласында өткен Халықаралық азаматтық қоғам форумына қатысты.

1 жыл бұрын (2013) «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, жастарды еңбекке орналастыру бойынша www.enbek.kz бірыңғай порталын жасады.

ЕСІМДЕР

10 9 жыл бұрын (1905-1987) ақын ЭЮПОВ Ғафар (Ғафар Бұлғанақұлы) дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қырым автономиялық облысының Симферополь ауданында туған. Махачқалада Дағыстан институтын бітірген. Жиырма жылдан астам Атырау мұнай өңдеу зауытында қызмет істеген.

Шығармаларын қырым татары тілінде жазған. Өлеңдері 1926 жылдан басылған. 1938 жылы «Жас жасампаздар» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрген. «Жылдар мен жырлар», «Адам», «Қайта оралған жастық шақ» атты өлеңдер жинақтарының авторы.

6 3 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, саяси ғылымдарының кандидаты, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының мүшесі, Қазақстан Республикасының қазіргі бес сайыс және биатлон федерациясының құрметті президенті. Қазақстан Республикасы спортының құрметті қайраткері АСАНОВ Тұрарбек Мәжілұлы дүниеге келді. Алматы облысы Нарынқол ауданының Сарыжаз ауылында туған. 1975 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «түсті металдар бойынша инженер-металлург» мамандығы бойынша бітірген. Саяси ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1968 жылы Алматы облысы Кеген ауданының Көлбастау колхозында механизатор болып бастаған. 1975-1982 жылдары - Қазақ КСР Түсті металдар мининистрлігінің бөлімшелерінде жұмыс істеді. 1982-1985 жылдары - Алматы қаласы Совет аудандық партия комитетінің Өнеркәсіп бөлімінің нұсқаушысы. 1985-1989 жылдары - Алматы қаласы Фрунзе аудандық партия комитетінің Өнеркәсіп-транспорт бөлімінің меңгерушісі. 1989-1992 жылдары - Алматы қаласы Фрунзе аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1992-1997 жылдары - Алматы қаласы Фрунзе ауданы әкімшілігінің басшысы, Медеу ауданының әкімі. 1997-2004 жылдары - Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі. 2004 жылғы қарашада үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болды. 2007 жылғы қыркүйекте «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. 2012 жылғы қаңтарда «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Қазақстан Республикасы спортының құрметті қайраткері. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің запастағы полковнигі. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» ,«Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» ,«Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен және «Қазақстан Республикасы Президентінің алғысы» құрмет грамотасымен марапатталған.

6 3 жыл бұрын (1951) «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Федерациясының Құрметті инженері, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының, Халықаралық инженерлік академиясының, Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі ІЗБАСАРОВ Дүйсебай Сайлаубайұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында туған. Астрахан балық өнеркәсібі технологиялық институтын, Мәскеу тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының аспирантурасын, Мәскеу мемлекеттік тамақ өндірістік академиясының докторантурасын бітірген.

1973-1976 жылдары - Шымкент балық комбинатының инженері, аға инженер-механигі. 1976-1978 жылдары - Қазақ КСР Тамақ өнеркәсібі министрлігінің Орталық жоба конструкторлық бюросының жетекші құрылымдаушысы, сектор меңгерушісі. 1978-1980 жылдары - Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты Алматы филилалының ассистенті. 1980-1984 жылдары - Мәскеу тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының стажер-зерттеушісі, аспиранты. 1984-1996 жылдары - Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институты Алматы филилалының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, аға ғылыми қызметкері, кафедра меңгерушісі, профессоры. 1996-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының республикалық ғылыми-инженерлік технологиялық орталығының директоры. 1997-1998 жылдары - «Алмалы» ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры. 1998-2007 жылдары - Қазақ жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, «Апорт» бақша шаруашылығы, жүзім шаруашылығы және шарап жасау ассоциациясы басқармасының төрағасы, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұқсату және тамақ өнеркәсібі ғылыми-өндірістік орталығының директоры қызметтерін атқарған.

«Инфракрасное облучение и сушка растительного сырья», «Теория, технология и техника сушки пищевых продуктов», «Технология хранения плодов, ягод и винограда», «Формирование и прогнозирование лежкоспособности и качества плодов яблони и винограда» атты кітаптарының авторы.

60 жыл бұрын (1954) «Шеврон» компаниясының Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы құқықтық кеңесшісі ЕЛУБАЕВ Жұмагелді Сәкенұлы дүниеге келді.

Павлодар облысында туған. Свердлов заң институтын бітірген. 1987-1989 жылдары - Алматы қалалық соты төрағасының орынбасары. 1989-1990 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің инспекторы, консультанты. 1990-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы. 1997-2002 жылдары - Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі, Әділет біліктілік алқасының төрағасы, «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорнының бас менеджері. 2002 жылдан Қазақстандық мұнай-газ саласы заңгерлері қауымдастының президенті қызметін атқарған. 2008 жылдан бастап «Шеврон» корпорациясы Еуразиялық бөлімшесінің басқарушы құқықтық кеңесшісі болып істейді.

«Құрмет» орденімен марапатталған.

60 жыл бұрын (1954-1999) өнертанушы, педагог, өнертану ғылымдарының кандидаты ЕЛЕУКЕНОВА Гүлжауһар Шериязданқызы дүниеге келді.

Өскемен қаласында туған. Ленинградтың (қазіргі Санкт-Петербор) Кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген. Сол жылдан өмірінің соңына дейін Алматы театр және көркемсурет институтында (қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) педагогикалық қызметпен айналысты. Оның бейнелеу өнері бойынша жазған 30-дан аса ғылыми мақалалары республикалық және бұрынғы одақтық мерзімді басылымдарда жарық көрді.

5 6 жыл бұрын (1958) «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ААҚ басқарма төрайымы ШӘМШИДИНОВА Күләш Ноғатайқызы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын орта мектептің мұғалімі болып бастап, Киров аудандық комсомол комитетінің хатшысы, Гвардия аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Талдықорған облыстық комсомол комитетінің хатшысы, Талдықорған облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институты директорының орынбасары қызметтерін атқарған. 1996-2002 жылдары - Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары. 2002-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі. 2005 жылдан бастап «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығының бас директоры болған. Талдықорған облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған.

Медальмен марапатталған.

4 8 жыл бұрын (1966) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер бас қолбасшысы, генерал-майор ЖАҚСЫЛЫҚОВ Руслан Фатихұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Қаскелең қаласында туған. И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, М.В.Фрунзе атындағы Әскери академиясын, Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясының Жоғары академиялық курстарын бітірген.

1987-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлерінің взвод командирінен әскер құрамасының командиріне дейінгі дәрежеге жетті. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер қолбасшысының орынбасары. 2007-2008 жылдары - Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер қолбасшысының бірінші орынбасары - Бас штаб бастығы қызметтерін атқарған. 2008 жылдың қыркүйегінен 2013 жылғы қаңтарға дейін ҚР Ішкі істер министрлігінің қолбасшысы. Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы қаңтардан бері.

КСРО және Қазақстан Республикасының 14 медалімен марапатталған.

3 8 жыл бұрын (1976) ҚР Қаржы вице-министрі ШОЛПАНҚҰЛОВ Берік Шолпанқұлұлы дүниеге келді.

1976 жылы дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін «экономист-бухгалтер» мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жүйесінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің жанындағы Қазынашылықтың Касса қаражаты және мемлекеттік борыш басқармасы қолма-қол ақшаны басқару бөлімінің қазынашысы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық департаменті Қолма-қол ақша және мемлекеттік борыш басқармасы қолма-қол ақша бөлімінің бас қазынашысы, Қолма-қол ақша басқармасы қолма-қол ақшаның ағымдағы қалдықтарын басқару бөлімінің бастығы болып бастады. Республиканың Қазынашылық аппаратының жүйесінде жоғары оқу орнын аяқтаған күннен бастап қызмет етеді, 2001 жылғы қазаннан бастап 2004 жылғы шілдені қоса алғанда Қолма-қол ақша және мемлекеттік міндеттемелерді есепке алу басқармасының бастығы қызметін атқарды. 2004 жылдың шілде айында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары етіп тағайындалды. Қазынашылықты жаңғырту жобасын іске асыру тобының мүшесі бола отырып, республика аумағында қазынашылықтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін енгізу бойынша елеулі үлес қосты. 2008 жылдың желтоқсан айынан қазіргі қызметінде.

«Астананың 10 жылдығы» (2008) медалімен, ҚР қаржы министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталған. Қазынашылық жүйесінің үздігі.

66 жыл бұрын (1948) ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясы бастығының орынбасары ШАБАНБАЕВ Марат Әбдіқасұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Қазақ денешынықтыру институтын, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Ташкент қаласындағы жоғарғы курстарын бітірген.

1975 жылдан бастап мемлекеттік қауіпсізідк органдарында жұмыс істеді. 1981-1987 жылдары - МҚК Шілік аудандық бөлімінің бастығы. 1994-1995 жылдары - ҰҚК Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқарма бастығының орынбасары. 1995-1999 жылдары - ҰҚК Батыс Қазақстан облысы бойынша басқармасының бастығы, ҚР Президенті күзет қызметі бастығының бірінші орынбасары, ҚР ҰҚК жедел-техникалық департаменті бастығының бірінші орынбасары. 1999-2001 жылдары - ҰҚК Жамбыл облысы департаментінің бастығы.

Қазіргі қызметінде - 2001 жылғы мамыр айынан бері.

77 жыл бұрын (1937) ресей саяхатшысы, тележүргізуші Юрий СЕНКЕВИЧ дүниеге келді.

86 жыл бұрын (1928-2008) кеңестік және ресейлік артиллериялық және атыс қаруларының конструкторы ГРЯЗЕВ Василий Петрович дүниеге келді.

60 жыл бұрын (1954) кеңестік және ресейлік биші, хореограф, поп-әнші, РФ еңбек сіңірген әртісі МОИСЕЕВ Борис Михайлович дүниеге келді.