4 өңірде жұқпалы аурулар туралы шұғыл хабарлау жүйесі сынақтан өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті «Эпидемиолог» ақпараттық жүйесінің «Шұғыл хабарламалар» модулін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске асырып жатыр.
Жоба санэпидқызметті цифрландыруға және эпидемиологиялық мониторинг жүйесін жетілдіруге бағытталған. Қазіргі уақытта пилоттық жоба Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа модуль инфекциялық аурулар туралы шұғыл хабарламаларды электрондық форматта жіберуге көшуді көздейді. Ақпарат медициналық ұйымдардың медициналық ақпараттық жүйелерінен санэпидбақылаудың аумақтық бөлімшелеріне тікелей жолданатын болады.
Бұл тәсіл ақпаратты беру үдерісін оңтайландыруға, сондай-ақ қағаз құжаттарды ресімдеу мен өңдеуге байланысты жұмыстардың көлемін қысқартуға мүмкіндік береді.
Электрондық форматты енгізу медициналық ұйымдар мен санэпидқызмет үшін бірқатар артықшылықтар беруге бағытталған.
Атап айтқанда, инфекциялық аурулар туралы ақпаратты беру уақытын қысқартады, медицина қызметкерлері мен санэпидқызмет мамандарына түсетін әкімшілік жүктемені азайтады, қағаз құжат айналымын қысқартып, деректердің қайталануын болдырмайды, ақпаратты беру кезінде жіберілетін қателердің ықтималдығын барынша азайтады, эпидемиологиялық мониторинг жүргізу және қажетті эпидемияға қарсы шаралар қабылдау жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақпараттың уақтылы түсуі эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге жедел ден қою және тиісті профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру үшін маңызды.
Модульді сынақтан өткізу медициналық ұйымдар мен санэпидбақылаудың аумақтық бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетігінің тиімділігін бағалауға, оны жетілдіру бағыттарын анықтауға және жүйені одан әрі дамыту жөніндегі қадамдарды белгілеуге мүмкіндік береді.
«Шұғыл хабарламалар» модулін енгізу санэпидқызметті цифрлық трансформациялау кезеңдерінің бірі болып табылады. Мұндай шешімдерді іске асыру эпидемиологиялық қадағалаудың тиімділігін арттыруға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге және халықтың денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерге жедел ден қоюды қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетелік Жамбыл облысында саңырауқұлақ инфекциясын жұқтырғандардың 60 пайызы балалар.