4 ТАМЫЗ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2015 жылғы 4 тамызға арналған күнтізбені ұсынады.
None
None

4 тамыз, СЕЙСЕНБІ

Нигерияның тәуелсіздік күні (1960). Нигерия - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде Алжир, Ливиямен, шығысында Чад, оңтүстігінде Нигерия, Бенинмен, Батысында Буркина-Фасо, Малимен шектеседі. Астанасы - Ниамей қаласы. Мемлекеттік тілі - француз тілі, сонымен қатар жергілікті халықтардың хауса, фулани, тамайек, джерма тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі - франк. АҚШ жағалау күзетінің күні. Бұл күн 1790 жылы Американың Министрлер кеңесінде арнайы бекітілген. Себебі, дәл сол жылдың 4 тамызында АҚШ Конгресінің Қаржы министрі А.Гамильтонның жетекшілігімен флот құрылысы басталған.

Жағалау күзеті - АҚШ Қарулы күштерінің маңызды бөлігі. Оның құзырына халықаралық сулар, Американың жағалау желісі, порттар мен ішкі суларын қосқанда, АҚШ-тың кез келген теңіз аймағындағы тұрғындарды, қоршаған ортаны қорғау және экономика мен қауіпсіздікті сақтау кіреді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР 39 жыл бұрын (1976) Қазақ КСР-нің «Жер туралы» Кодексі қабылданды. 12 жыл бұрын (2003) Астанадағы Республикалық клиникалық ауруханада әлемде тұңғыш рет жұлынның жүйке клеткаларын трансплантациялау бойынша операция өткізілді. Операция сирингомиелия ауруына шалдыққан ауруға (жұлынның атрофиясы) ойдағыдай жасалды. Операция өткенен соң, екінші күні аурудың аяқтарында екі жыл болмаған жан кіріп, сезілді. Операцияны сол кездегі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі, профессор Жақсылық Досқалиев өткізді. 11 жыл бұрын (2004) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат басқармасы құрамындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы құрылды.

10 жыл бұрын (2005) тамыздың 4-6 аралығында Оралда, «Еуразия» туристік-сауықтыру кешенінде, облыстың жас натуралистерінің слеті болып өтті. Слетке Батыс Қазақстан облысының Сырым, Ақжайық, Бөрлі және Тасқала аудандарының жас натуралистері қатысты. «Экология және қоғам», «Ғылымдағы алғашқы қадамдар» және «Жас биолог» деген атаумен үш секция жұмыс істеді. Оқушылар пікірталас өткізіп, ойларымен бөлісті және баяндамалар оқыды. Табиғатта тәжірибелік жұмыспен шұғылданды. Балалар даладағы шатыр қалашығына орналасып, сол жердің флорасы мен фаунасын зерттеді. 6 жыл бұрын (2009) Астанада тірек-қимыл аппаратының аурулары бар тұрғындарды емдейтін орталық ашылды. Орталықта «кинезис-терапия» әдісі бойынша емдік жаттығулар өткізіледі. 6 жыл бұрын (2009) Ақтөбеде, Абай саябағындағы №16 тұрғын үйдің қабырғасына Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Николай Жиленковқа арналған ескерткіш тақта орнатылды. Николай Жиленков (1934-2008) - «Ақтөбеқұрылыс» қауымдастығының президенті, «Еңбек Қызыл Ту», «Отан», «ІІІ дәрежелі Даниил Московский» сыйлығының иегері, Ақтөбе облысының еңбек сіңірген қайраткері. Қала және облыс құрылыстарына зор үлес қосып, қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласқан тұлға. Ол Ақтөбе қаласының бас жоспарын дайындауға қатысқан және Свято-Никольский шіркеуінің құрылысын қадағалаған.

4 жыл бұрын (2011) Алматыда Қазақстанда алғашқы «Тамагочи» web-cinema таныстырылымы өтті.

Web-cinema жанры - интернет үшін арнайы шығарылған толық метражды ойын көркем фильмі. «Тамагочи» фильмі пайдаланушылар үші сапалы контентті қамтиды.

2 жыл бұрын (2013) Тегеранда Парламент Меджилисінде ҚР Президенті Н. Назарбаев жаңадан сайланған Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханидің инагурациясы рәсіміне қатысты.

238 жыл бұрын (1777) Лондонда әлемдегі алғашқы цирк ашылды. 1770 жылы әскери қызметінен оралған аға сержант Филипп Эстли Лондонда шабандоздардың мектебін қалыптастырды. Көп ұзамай аттың құлағында ойнаған спорттық-акробаттық көрсетілімдер үшін арнайы ғимарат салынды. Филипп Эстли алғашқы цирк әулетінің негізін салушы болды. Ол осыған ұқсас кәсіпорындарды өзге де қалаларда ашып, ұйымдастырды. 1782 жылы оның филиалы Парижде ашылған. 311 жыл бұрын (1704) Франция мен Ресей достық туралы келісімге қол қойды. 123 жыл бұрын (1892) Владимир Ульянов (Ленин) сот істерін жүргізуге құқық алды. 101 жыл бұрын ( 1914) Ұлыбритания Германияға соғыс жариялады. 93 жыл бұрын (1922) новатор Александр Белланы ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. 1 минут бойы Солтүстік Американың 13 миллион телефоны үнсіздікте болды. ЕСІМДЕР 9 7 жыл бұрын (1918-1993) жазушы, аудармашы, Ұлы Отан соғысының ардагері Ісләм ЖАРЫЛҒАПОВ дүниеге келді. Ол Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында туған. Алматы педагогикалық училищесін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын КСРО Сыртқы істер министрлігінің жоғары дипломатиялық мектебін бітірген. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің лекторы, сектор меңгерушісі болған. «Жазушы» баспасында, Мәдениет министрлігінде, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде жауапты қызметтер атқарған. «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы, «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры болып істеген. 1975 жылдан шығармашылық жұмыста болған қаламгер көркем аударма саласында жемісті еңбек еткен. Ол аударған А.Пушкиннің, А.Герценнің, М.Шолоховтың, Д.Собольевтің, М.Лермонтовтың, М.Пришвиннің және көптеген шетел жазушыларының шығармалары көркем аударма жанрының озық үлгісі ретінде танылды. Әсіресе, оның әдеби терминдер, жеке атаулар жасаудағы еңбегі ерекше. Жазушы ұлттық терминология жасау ісіне араласып, қазақ тілі қорын «оқырман», «жағажай», «балмұздақ», «перзентхана», «уыздық», «теледидар», «ғарыш», «саяжай», «көрермен», т.б. 500-ден астам жаңа терминдермен байытқан. Бірнеше мәрте Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 10 6 жыл бұрын (1909-1998) қылқалам шебері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ЛИЗОГУБ Мария Сергеевна дүниеге келді. Ол Ресейде туған. Киев көркемсурет институтын бітірген. 1939 жылдан бастап, Алматы қаласында тұрған. Оның «Қ.Қуанышбаев», «Нан», «Таңсәрі», «Жас дәрігер», т.б. суреттері бар. Туындылары Қазақстанның мемлекеттік өнер мұражайында сақтаулы. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, медальдармен марапатталған.

69 жыл бұрын (1946) Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ актрисасы, Н.Тілендиев атындағы халықаралық қоғамдық қордың президенті, ҚР еңбек сіңірген әртісі Дариға ТІЛЕНДИЕВА дүниеге келді. Ол Талдықорған облысының Көксу ауданында туған. "Қазақфильм" киностудиясының 2 жылдық курсын, Абай атындағы ҚазПИ-ді бітірген (1980 ж.). Алғаш рет "Қазақфильм" киностудиясында түсірілген "Құлагер", содан кейін "Ақ машина", "Алты жасар Алпамыс", "Қоштасқым келмейді", "Жамбылдың жастық шағы", тағы басқа көркем фильмдерге түсті. 1993 жылдан бері «Отырар сазы» оркестрінде қызмет істейді. Н. Тілендиев атындағы Халықаралық қоғамдық қордың президенті. 58 жыл бұрын (1957) Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары ОРЫНБЕКОВ Бекболат Серікбекұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалвық институтын (инженер-электрик) және Агротехникалық институтты (экономист-бухгалтер) бітірген.

1979 жылы - №110 Қаратау кәсіптік-техникалық училищесінде оқытушы, өндіріс шебері, директордың орынбасары. 1992-1993 жылдары - «Қаратау» қауымдастығының бас директоры. 1994-1997 жылдары - «Бірлік» кәсіпорнының директоры. 1997-1998 жылдары - «Жамбылавтожол» коммуналдық кәсіпорнының жетекші маманы. 1999-2003 жылдары - Қаратау қаласы әкімінің орынбасары. 2003-2010 жылдары - Талас ауданы Қаратау қалсасының әкімі. 2010 жылы - Сарысу ауданының әкімі. 2010-2013 жылдары - Жамбыл облысы Тараз қаласының әкімі.

Қазіргі қызметінде - 2013 жылғы желтоқсаннан бері.

66 жыл бұрын (1949) жазушы, филология ғылымының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Құныпия Қожахметұлы АЛПЫСБАЕВ дүниеге келді. Қытай елінің Баяндай ауылында туған. 1974-1975 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің кәсіподақ комитетінің төрағасы. 1987-1989 Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөлімі деканының орынбасары, 1993-1994 жылдары Қазақ мемелекеттік университетінің сырттай оқытатын филология факультетінің деканы қызметтерін атқарған. 1995 жылы Түркияның Анкара, Болу, Кония қалаларында өткен «Манас» жырының 1000 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, баяндама жасаған. 100-ден аса ғылыми-зерттеу еңбегі, отандық және шетел баспаларында 15 кітабы мен кітапшалары шыққан. 54 жыл бұрын (1961) саяси қайраткер, Америка Құрама Штаттарының 44-інші президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Барак ОБАМА дүниеге келді. Ол Гавайи штатының Гонолулу қаласында (АҚШ) туған. Сол жерде ол белді жекеменшік мектепті тәмамдап, білім жолын Лос-Анджелестегі колледжде, одан кейін Колумбиялық университетте жалғастырды. 1983 жылы Обама, Нью-Йорк ғылыми-зерттеу орталығының Халықаралық бизнес-корпорациясында қаржы сарапшысы болып жұмыс істеді. 1985 жылы Барак Чикагоға көшіп, онда әр түрлі қызмет істеді. Обаманың саясаттағы мансабы Иллионс штатының Сенатында басталды. Онда ол 1996-2004 жылдар аралығында үш рет сайланды. Обама 2002 жылы президент Джордж Буш әкімшілігінің Иракқа әскермен баса көктеп кіру жоспарын сынға алған сөздерінен кейін танымалдылыққа ие болды. 2004 жылы Обама АҚШ Сенатына сайлауға түсіп, онда жеңіске жетті. 2007 жылдың ақпанында Обама АҚШ президенттігіне өзінің кандидатурасын ұсынды. Өзінің сайлауалды науқанында ол Ирактағы соғысты тоқтату, жаппай медициналық сақтандыру және энергетикалық тәуелсіздік мәселесін қозғады. 2008 жылдың қарашасында Барак Обама президенттік сайлауды жеңіп, 2009 жылдың 20 қаңтарында АҚШ-тың 44-інші президенті ретінде ант қабылдады. Б.Обама АҚШ басшылығына келген қара нәсілді алғашқы президент болды. 11 4 жыл бұрын (1901-1971) атақты американдық джаз музыканты Луи АРМСТРОНГ дүниеге келді.

Соңғы жаңалықтар