4 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

календарь
Фото: Kazinform

Бүгін, 4 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

77 жыл бұрын (1946) Қарағанды облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Оралды Тұрсынұлы ТӨРЕҒОЖИН дүниеге келді.

1946 жылы Алматы қаласында туған.

Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1971-1973 жылдары Ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және сапасы жөніндегі Ульяновск аудандық мемлекеттік инспекциясының агрономы болып еңбек етті. 1973-1992 жылдары Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан КП Қарағанды облыстық комитетінің ұйымдастыру-партия жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан КП Қарқаралы аудандық комитетінің екінші хатшысы, Нұра аудандық Халық депутаттары кеңесінің төрағасы, Облыстық халық депутаттары Кеңесінің Қарағанды облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1992-2002 жылдары Қарағанды облысы \басшысының, содан кейін әкімінің аппарат басшысы, 2004 – 2005 жылдары Қарағанды облысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бөлім бастығы, 2005-2010 жылдары Қарағанды облысы жер қатынастары басқармасының бастығы болды.

2011 жылы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды.

61 жыл бұрын (1962) Жетісу облысының әкімі Бейбіт Өксікбайұлы ИСАБАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, ҚР СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.

Еңбек жолы: 1985-1987 жылдары Қазақ КСР Телевизиия және радиохабары мемлекеттік комитетінде редактор, 1987-1991 жылдары «Лениншіл жас» республикалық газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, 1991-1994 жылдары «Өркен» - «Горизонт» газеті редакторының орынбасары, редакторы, 1994 жылғы ақпан-сәуір айларында Қазақ мемлекеттік телевизиясының бас директоры қызметтерін атқарды. 1994 жылғы мамыр-шілде айларында Алматы қаласы әкімшілігінде әкімнің орынбасары, 1994-1995 жылдары Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат комитетінің төрағасы, 1997-1999 жылдары ҚР СІМ Дипломатиялық академиясының тыңдаушысы, 2000 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде үкіметтік ақпарат бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2002 жылы ҚР Сыртқы істер министрінің кеңесшісі, ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, 2002-2003 жылдары ҚР-ның Орталық Азия ынтымақтастығы» ұйымының ұлттық үйлестірушісі, 2003-2006 жылдары ҚР-ның Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, 2006-2008 жылдары ҚР-ның Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ҚР-ның Албания Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі міндетін қоса атқарушы болды. 2008 жылғы ақпан-тамыз айларында ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі, 2008-2009 жылдары ҚР Президентінің баспасөз хатшысы, 2009 жылғы шілдеден ҚР-ның Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, 2015-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. 2019-2022 жылдары ҚР Парламентіндегі Қазақстан Республикасы Президенті өкілдігінің жетекшісі болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың маусым айынан атқарып келеді.

«Құрмет» (2007) орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005), «Қазақстан Парламентіне 10 жыл» медальдарымен, ҚР Құрмет грамотасымен (2001) марапатталған.

59 жыл бұрын (1964) «Ақниет» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бағила Мүбәракқызы БИСЕМБАЕВА дүниеге келді.

Целиноград облысы, Атбасар қаласында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы тәмамдаған.

Еңбек жолы: 1991-1996 жылдары Көкшетау педагогикалық институтының саясаттану және Экономикалық теория кафедрасының оқытушысы, 1996-1998 жылдары «Арман» нарықтық экономика жөніндегі халықаралық орталығының бағдарламалар менеджері, 1998-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Экономика, қаржы және бюджет комитеті Хатшылығының сектор меңгерушісі, 2001-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Үкімет өкілдігі басшысының орынбасары болып еңбек етті. 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, 2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, 2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. 2015-2022 жылдары Астана қаласы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрағасы болды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

51 жыл бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Жан Сержанұлы ҒАЛИЕВ дүниеге келген.

Қазақ мемлекеттік әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетін (1994); Аудармашылар және халықаралық қатынастар институтын (Страсбург, Франция, 1996); Францияның Премьер-Министрі жанындағы Мемлекеттік басқару халықаралық институтын (Париж, 1998); Адам құқықтары жөніндегі институтты (Страсбург, 1998); Халықаралық құқық академиясын (Гаага, 1998); ҚР Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын (Астана, 2006) бітірген.

Еңбек жолы: 1995-1996 жылдары ҚР Президенті жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінің сарапшы-тілшісі, 1996-1997 жылдары ҚР Президенті жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебі директорының көмекшісі, 1999-2001 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты ынтымақтастық департаментінің референті, үшінші хатшысы, екінші хатшысы, 2001-2005 жылдары ҚР Франция Республикасындағы Елшілігінің үшінші хатшысы, екінші хатшысы (Париж), 2005-2006 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка департаменті Батыс Еуропа елдері бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. 2006-2007 жылдары ҚР Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка департаменті Еуропа басқармасының басшысы, 2007-2010 жылдары ҚР Бельгия Корольдігі мен Люксембург Ұлы Герцогтігіндегі Елшілігінің, Еуропалық Одақ пен НАТО-дағы өкілдігінің Кеңесшісі, Кеңесші-Уәкілі (Брюссель), 2010-2016 жылдары ҚР Франция Республикасындағы және Монако Князьдігіндегі Елшілігінің Кеңесші-Уәкілі (Париж), 2017 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратында экономикалық дипломатия бағытында Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елші, Сыртқы істер министрлігі Алқасының мүшесі, 2017-2018 жылдары Франция Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды. 2018 жылдың 12 сәуірінен ҚР Португалия Республикасындағы, Монако Князьдігінде Төтенше және Өкілетті Елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы, 2018-2022 жылдары ҚР Франция Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстан Республикасының Монако Князьдігінде Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы болды.

Қазіргі қызметін 2022 жылдың қыркүйек айынан атқарып келеді.

«Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 15 жыл», «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметіне 25 жыл» естелік медальдарымен; ҚР Сыртқы істер министрінің Құрмет грамоталарымен (2007, 2013, 2016); ҚР Сыртқы істер министрінің алғыс хатымен (2014) наградталған.

39 жыл бұрын (1984) Қазақстан Республикасының қаржы вице-министрі Дәурен Маратұлы КЕҢБЕЙІЛ дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2006 жылы ҚР Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің жетекші маманы міндетін атқарушы болып бастаған. 2006-2013 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. 2013 жылы ҚР Қаржы министрлігі концессиялық жобалар басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. 2017-2019 жылдары ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті директорының орынбасары, 2019-2021 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік қарыз алу департаментінің директоры болды.

Қазіргі қызметін 2021 жылдың наурыз айынан атқарып келеді.

Соңғы жаңалықтар