4 жыл өтті: Шахан кенті қайғылы оқиғадан кейін орталық жылуға қосылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Шахан кентінде орталық қазандық салынып жатыр. Осылайша тұрғындардың көпқабатты үйлердегі пештерден арылу туралы көпжылдық арманы орындалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Үйлерді орталық жылуға қосудың қандай шешімі табылғаны жайлы кент әкімі Ғалым Өмірбеков айтып берді.

«Көпқабатты үйлерді «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамытудың қазақстандық орталығы» арқылы қосу жоспарлануда. Тұрғындарға 7 жылға дейінгі мерзімге жылдық 0,1% жеңілдікпен несие ала алатын несиелеу бағдарламасына қатысу ұсынылды. Біз барлық үйлерді аралап, адамдарға жағдайды түсіндірдік. Көпшілік осы нұсқаны қалайтынын айтты. Тұрғындар құжаттар жинай бастады. Біз құжаттардың толық пакетін қабылдап, кейін ТКШ жаңғырту орталығына беретін боламыз», – деді ол.


Есептеулер бойынша, бір пәтерден ай сайынғы төлем шамамен 5000-6000 теңгені құрайды. Бағдарламаға қатысу үшін үйдегі пәтер иелерінің 70% келісімі қажет.

Шаханда 116 көпқабатты үйдің 21-і модульдік қазандықтармен жылытылады. Оларда орталық жылытуға көшу үшін тек элеваторды орнату керек. Сондықтан шығындар аз болады. Қалған құны үйдің қабаттарына байланысты өзгереді – бір пәтерден 100-ден 500 мың теңгеге дейін.

«Әрине, бұл соманы бірден төлеуге көптеген адамның мүмкіндігі жоқ. Бізге құлақ түргендеріңіз үшін, шешім тапқандарыңыз үшін рахмет. Мұндай шарттармен берілетін несие – біздерге қолайлы. Біртіндеп төлей аламыз: біреу жеті жыл, біреу мерзімінен бұрын. Бұл зейнеткерлер үшін, жас отбасылар үшін артық болмайды. Мен бұл жерде туғанымнан бері тұрамын, бірақ күйеуіммен бірге көшу туралы ойлана бастаған едік. Біздің үйде модульдік қазандық жоқ. Пеш өте ыңғайсыз. Көмірді жинап, күлді шығарамыз. Жұмыстан келген бетте, бірінші кезекте қазанды қыздыруға кірісеміз. Демалыс жоқ. Орталық жылыту қосылғанда көретін артықшылықтың бірі - көмір шаңымен дем алудың қажеті жоқ, тазалық, жайлылық пен ыңғайлылық болады», – деп есептейді Шахан тұрғыны Стефанида Пьяных.

Кенттік әкімдікке шарт жасасу үшін құжаттар тапсырылып жатыр.

Кент әкімінің айтуынша, орталық жылу тарифі Шахтинск қаласындағыдай болады. Нысанды тапсырғаннан кейін қазандықты Шахтинск ЖЭО-ның теңгеріміне беру жоспарлануда.

Қазір қазандық 80 пайызға дайын. Жабдықтар толық орнатылған. Технология жаңа: қазандықтар кез келген түрдегі көмірмен жұмыс істей алады.

Мердігер «Механомонтаж-2004» кентке магистральдық құбыр салады. Нысанды қыркүйек айында тапсыру жоспарланған. Жаңа жылыту маусымында шахандықтар пешпен және көмірмен қоштаса алады.

Еске салайық, 2017 жылдың 1 қаңтары Қарағанды облысының Шахан кентінде көпқабатты үй опырылып құлады. Үйінділер астынан 9 адамның мәйіті табылды.

Үйдің құлауына 4-ші подъездің жертөлесінде орналасқан қазандықтың жарылуы себеп болған.


Соңғы жаңалықтар