40 сағат бойы Diablo III ойнаған тайваньдық жігіт қайтыс болды

АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат - 18 жасар тайваньдық 40 сағат бойы бас алмай Diablo III ойынын ойнағаннан кейін, қайтыс болды, деп хабарлайды The Australian. Оқиға Тайвань қаласында, аралдың оңтүстік-батысында орын алған.

40 сағат бойы Diablo III ойнаған тайваньдық жігіт қайтыс болды

Порталдың жазуы бойынша, 13 шілде күні бозбала ойын орындарының бірінен бөлме жалдап алып, онда екі күнге жуық уақытты ойын ойнаумен өткізген. Далаға шығып, тамақтанбаған да. 15 шілденің таңертеңінде ойынхана қызметкерлері оны компьютер үстелінде ұйықтап жатқан жерінен оятып жібереді. Орнынан тұрған жігіт бір-екі қадам жасап барып, құлап түскен. Ойыншының өлімін жергілікті аурухана дәрігерлері растады.

Өлімнің себептері әзірге белгісіз. Дегенмен БАҚ өкілдерінің айтуынша, бір орында қозғалмай ұзақ уақыт бойы отыру жүрек-қан тамырларының жұмысын қиындатып жіберуі мүмкін.

Оқиға белгілі болған соң, Diablo III ойынын құрастырушы Blizzard компаниясы ойыншының туыстарына көңіл айтып, ойынқұмарларға ойынмен тым әуестенбеуді «ескертті».

Экшн-RPG жанрындағы Diablo III ойыны сатылымға 15 мамырда түскен болатын. Ол компьютерлік ойындар тарихындағы ең пайдалы өнімдердің бірі болып табылады. Сатылымға түскен күні әлем бойынша 3,5 млн. данасы сатылды, ал алғашқы бір аптасында 6,3 млн. данаға жетті. Кейінірек Diablo III АҚШ-та мамырдағы ең үздік ойын деп танылды.