40 жылға жуық өмірін энергетикаға арнаған инженер қазір 5 мың абонентке қызмет көрсетеді
22 желтоқсан – энергетиктер күні. Өткен ғасырда болған мейрам электр энергиясын беру және таратумен айналысатын кәсіп иелерінің басын біріктірген. Бүгінде энергиясыз өмірді елестетудің өзі қиын, отбасындағы жайлылықтың өзін айтпағанда, экономиканың барлық саласы электр қуатына тәуелді, деп хабарлайды Kazinform.
«Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ Петропавл қалалық электр желілері басқармасы тарату тобының жетекші инженері Гүлнара Маркасарина бұл салада 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. 1986 жылы алғаш рет Сергеевка қаласындағы электр энергиясын сату компаниясының табалдырығын аттаған ол содан бері бұл таңдауына өкінген емес. Қазір тәжірибелі маман электр энергиясының үздіксіз берілуін және оның тұтынушылар арасында бөлінуін қамтамасыз етуді бақылайды.
Маманның айтуынша, қаланың заңды тұлғалары 5 инженер арасында бөлінген. Гүлнәр Маркасарина осы санаттағы 5 мыңнан астам тұтынушыға жауапты.
«Біз заңды тұлғалар мен тұрмыстық тұтынушылар арасында электр энергиясын есепке алуды және бөлуді жүргіземіз. Біз барлық актілердің, шарттардың дұрыстығын тексереміз, есептегіш құралдардың дұрыс жұмыс істеуін, электр энергиясының ұрланбауын бақылаймыз. Өйткені біз үшін әрбір киловатт тауар іспеттес, сондықтан оның жоғалуына және ұрлануына жол бермеу маңызды», – дейді Гүлнара Маркасарина.
Облыс орталығында тұрмыстық тұтынушылар саны 90 мыңнан асады. Оларға 3 инженер, сондай-ақ бақылаушылардың үш бригадасы және 20 электромонтер қызмет көрсетеді.
«Бақылаушылар есептегіштерді тексеріп, көрсеткіштерді алады, пломбалаумен айналысып, тұтынушыларға есеп айырысу түбіртектерін тапсырады, берешек туралы хабарламалар береді. Ал инженерлердің міндеті – барлық осы құжаттаманың дұрыстығын тексеру, дұрыс есептеулер жүргізу, нәтижесінде тұтынушы дұрыс мәліметтермен түбіртек алады», - дейді Гүлнара Маркасарина.
Былтыр жетекші инженер «Қазақстан Электр энергетикалық қауымдастығының еңбегі сіңірген энергетигі» атағын алды.
«Жұмысым да, ұжымым да ұнайды. Тұтынушылармен үнемі қарым-қатынастамын. Мен өз жұмысымды біліктілікті арттыруға мүмкіндік беретіндігі үшін де жақсы көремін. Біз күн сайын дерлік жаңа нәрсені үйренеміз, заман ағымынан қалмауға тырысамыз, электр энергиясына қатысты жаңа бағдарламаларды жұмысымызда қолданамыз, әлсіз жақтарымызды тауып, оны жетілдіреміз. Шынымды айтсам, мен басқа ештеңе істей алмаймын – бұл сала менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Жұмыс барысында мәселе туындап жатады, бірақ біз оларды шешу үшін барлық күшімізді, білімімізді жұмсаймыз», – дейді Гүлнара Маркасарина.