40 жыл жүргізген зерттеу барысында әл-Фараби атты 33 ғалымның өмір сүргені анықталды - Әбсаттар қажы Дербісәлі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Ғылым ордасы» РМК кешенінде Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, дінтанушы, әдебиеттанушы ғалым, белгілі қоғам қайраткері Әбсаттар қажы Дербісәлі жас ғалымдармен кездесіп, қазақ халқының бай тарихы, мәдениеті, көне қалалары, қазақ хандығының 550 жылдығы және қазақ даласынан шыққан ұлы ғұламалар жайлы өте қызықты әңгіме айтқан болатын. Бүгін аталмыш дәрістің қазақ жерінен шыққан ғалымдар жайлы тарихи деректерге толы бөлімін ұсынамыз.
33 әл-Фараби
Менің осы салада зерттеу жүргізгеніме 40 жылдай уақыт болыпты. Жаңа 11 әл-Фараби бар дедім ғой. Қазір әл-Фарабилердің саны отыздан асты. Аттарын атап бер десеңіздер атап берейін:
Аббас әл Жаухари әл-Фараби, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Ибрахим Исхак әл-Фараби, Исмаил әл Жаухари әл-Фараби, Әламаддин әл Жаухари әл-Фараби, Әбумұхаммад әл Мұқаддаси әл-Фараби, Әбілфады Сыдық әл-Фараби, Саадәлмүлк әл Уасиджи әл-Фараби, Әбухабз Омар ибн әл Хасан Әбдиқан әл-Фараби, Яхия бин Ахмад Абу Закария әл-Фараби, Ахмед әл-Фараби, Мұхамаддін Хұсейн Нәжидадин әл Усуршани Мұхаммад бин Хұсейн әл-Фараби, Аррахасан әл-Фараби, Әбілфаді Тахир ибн Мұхаммад әл-Фараби, Абдолла бин Мұхаммад бин Юсуб Насыр әл-Фараби әлазий, Абуәли Хасан әл-Фараби, Әбдассамат әл-Фараби, Бұрханаддин Ахмед әл-Фараби, Әбілқасым Әлфариаби әл-Фараби, Махмұд әл-Фараби, Қааумаддин әл-Фараби, Әмірғали ибн Әміркәфи әл-Фараби, Ундададдин әл-Фараби, Қиомаддин әл-Фараби, Әләадин Әбілхарис әл-Отрари, Мәджидаддин әл-Отрари, Саид Джалаладдин Әлиқади әл-Отрари, Маудо Мұхаммад әл-Фараби, Бадраддин әл-Фараби, Хосамаддин Әбу Али Ахмед әл-Отрари, Әбдүлләтип әл-Фараби, Камалладин Әбунасыр Юсүф әл-Фараби, Мұхаммад Абдолла әл-Фараби.
Мұхаммед Абдолла әл-Фараби осы соңғы жарты жылдың төңірегінде табылды. Бұны табуға маған бір кісі көмектесті.
- Аға, сіз осы әл-Фарабилерді іздеп жүрсіз ғой, білем - деді.
- Иә.
- Мына Мұхаммад Абдолла әл-Фараби сіздің тізіміңізде жоқ. Бұл кісінің кітабы Американың Принстон деген университетінің кітапханасында жатыр, - деді.
Бұл кісі логика саласының маманы болған екен. Мінеки, сонымен әл-Фарабилердің саны қазір 33-ке жетті. Енді бір қызығы, анау оныншы ғасырлардан бері қарай, 14-ші ғасырға дейін барлығы да әл-Фараби деп аталған. Кейін, Отырари деп жазыла бастапты. Неге екенін білмеймін. Ал енді араб деректерінде Отырар деген сөз сегізінші ғасырдан басталады. Ол туралы көп айта беруге болады.
Кердері
Аралдың маңында осы күнде Кердері дейтін ру бар. Талай ақындар шыққан. Солардың бабалары Кердері деген адам болған деп айтуға толық негіз бар. Бүінде он Кердери табылды! Мына Арал теңізі бұрын Кердері теңізі деп аталған. Осы Арал маңында Кердері шахары да болған. Мінеки, бұлардың барлығы ірі, үлкен ғалымдар. Солардың бірі Әбу Ханифа туралы үлкен екі томдық кітап жазған екен. Мен оны Бейруттан сатып алдым. Қазір үйімде тұр.
Дейтұрғанмен, қазақ жерінде ең көп ғалымдар шыққан өлке - бұл ежелгі Тараз қаласы. Бұл қаладан 55 ғалым шығыпты. Таяуда мен Испаниядан тағы екі Таразиді тауып келдім. Содан 57 болды! Мінеки. Бұдан мен біреуіне ғана тоқталайын. Тараздан ит үрсе естілетін жерде Жікіл деген қала болды. Ол жерде күміс кені шыққан екен. Бұдан үш ғалым шығыпты. Жікілилер. Сосын, Шелжі деген қала болған. Ол да Тараздың маңында. Одан 5 ғалым шықты. Атлас деген жерден тағы бір ғалым табылып отыр. Ал енді Тараздан бері шыққанда Құлан дейтін жер бар. Құланнан да бір ғалым табылды.
Одан бері қарай Меркі жерінен Сейіт Мерки деген кісі шыққан. Оны маған Мұртаза Бұлытай деген бауырымыз айтты:
- Аға, Түркияның Кония қаласына барғанымда бір кітап көрмесінде Саид Мерки деген кісінің кітабын көрдім. Ол Құранды көшірген екен. Соны көрдім», - деді. Ой жақсы болды ғой, - деп дәптеріме жазып алдым. Бірақ өзім көрген жоқпын.
Енді Баласағұн. Бұл қаладан шыққан Жүсіп Баласағұнды барлығымыз білеміз ғой. Ал мен тағы бір Баласағұнды таптым. Оны қалай таптым? Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашидиінде» жазылған! Оның есімі - Абу Абдолла Мұхамед ибн Мұса әл-Баласағұни. Сарқанд деген қала бар. Соның арғы жағында Қойлық деген қала болған. Сол жерден бір ғалым шыққан. Оның есімі - Фахих әл Әддин Садри жахан Абульфаз Ахмед ибн Махмұд ибн Мұхаммад әл-Кайалери. Міне, осындай ғалымдарымыз болған.
(жалғасы бар)