40 жылдай КСРО паспортымен жүрген атыраулық жаңа куәлік алды
Махамбет аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, КСРО-ның қызыл паспортымен жүрген 59 жастағы әйел Махамбет ауданында тұрады.
«Таңдай ауылында тұратын 1964 жылғы әйел еліміздің жаңа жеке куәлігін алмаған. Ол осындағы шаруа қожалығына жұмыс істеуге келген. Осы кезге дейін КСРО-ның ескі үлгідегі құжатымен жүргені аудандық ауруханаға денсаулығына байланысты ем алуға жүгінгенде анықталды», - деп хабарлады аудандық полиция бөлімінен.
Ескі төлқұжатпен жүрген әйелге алдымен Таңдай дәрігерлік емханасының фельдшері Саягүл Жұбатова көмек берген. Ал, Махамбет аудандық полиция бөліміне қарасты көші-қон қызметі тобының инспекторы, полиция майоры Н.Ташекенова жедел әрекет етіп, 59 жастағы тұрғынның жеке куәлігін алуы үшін тиісті құжаттарды ресімдеген.
Еске сала кетелік, бұған дейін КСРО төлқұжатымен жүрген атыраулық 58 жасында жеке куәлігін алғанын жазған болатынбыз. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, КСРО төлқұжатын ауыстырмаған 58 жастағы Төремұрат Қамиев Индер ауданында тұрады. Оның ескі төлқұжатпен жүргеніне 29 жыл болған. Тұрғынның айтуынша, оның осынша уақыт аралығында құжатын жаңартпауына отбасылық жағдайы себеп болған.
Сондай-ақ, 53 жастағы Атырау тұрғыны өмірінде бірінші мәрте жеке куәлік алғаны хабарланған еді. Тұрғын 2021 жылдан бері денсаулығына байланысты Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығында ем алуға жүгінген. Сол кезде құжатқа қатысты бірқатар қиындық туындаған. Оған «Мейірім Қазақстан» үкіметтік емес ұйымының өкілдері, емхана қызметкерлері мен көші-қон инспекторлары жеке куәлік алуына көмектескен.