400-ден астам медициналық ұйымның 82 млрд теңге қарызы бар – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде несие берешегі бар медициналық ұйымдардың жағдайы тексеріліп жатыр. Оның нәтижесінде ұйым басшысының кінәсі анықталса, жауапқа тартылады.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті.
«Мемлекеттік медициналық ұйымдардың қаржылық жағдайы мен қамтамасыз ету жүйелі шараларды талап етеді. Бүгінде 400-ден астам медициналық ұйымның 82 млрд теңге сомасында несие берешегі бары анықталды. Оның себебі – медициналық тарифтер жүйесінің жетілдірілмеуі, медициналық көмек көлемін айқындаудың ашық жария етілмеуі», - деді Ақмарал Әлназарова ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында.
Министрдің айтуынша, биыл бірінші жартыжылдықта қайтарылған қаражат денсаулық сақтау саласының басым бағыттарына қайта бөлінеді, осылайша емдеу-диагностикалық процесі оңтайландырылмақ. Сонымен қатар медициналық көмектің көлемін, шығыстар және тарифтік саясатты жоспарлаудың бірқатар мемлекеттік функциясын министрлік қарамағына қайтару жоспарланып отыр.
«Медициналық ұйымдардың басшылары өз кәсіпорындарының рентабелділігі мәселесін шешуі керек, ал несие берешегі егжей-тегжейлі тексеріліп, кінәлі тұлғалар жауапқа тартылады», - дейді ведомство басшысы.