4000 жолаушысы бар круиздік кеме Жерорта теңізінде қайырлап қалды

АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Жерорта теңізінде, Италия жағалауында итальяндық «Коста Конкордиа» круиздік кемесі қайырлап қалды. Жағалаудағы күзет күшімен апатты кемеден 4 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды Reuters.

4000 жолаушысы бар круиздік кеме Жерорта теңізінде қайырлап қалды

Ұзындығы 290 метрлік кеме кешкі сағат 10 шамасында, Джилио аралына жақын орналасқан Тосканы жағалауының аумағында құм қайраң саяз жерге отырып қалды.

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, соққы кезінде кеменің корпусы зақымдалып, салдарынан төменгі палубаларға сырттан су кіріп жатыр. Осы уақытта кеме бір бүйіріне қарай 20 градусқа қисайып тұр, бірақ, оның су астына кету ықтималдығы жоққа тең.

Sky News мәліметтері бойынша, екі адам қаза тапты. Олардың жолаушылар не кеме қызметкерлері қатарынан екендігі және олардың қандай жағдайда мерт болғандары туралы айтылмаған.

3200 жолаушы мен 1023 экипаж мүшесі кемеден түсірілген соң, бортқа оқиғаның себептерін анықтау үшін тергеушілер көтерілді.

«Коста Конкордиа» кемесі суға алты жыл бұрын түсірілді. Онда 1,5 мың каюта, бес мейрамхана және төрт бассейн бар. Кеменің құрылысы шамамен 450 млн. еуроға бағалануда. Бұл туралы РБК хабарлады.