42 мемлекетпен келісім бекітілді: халықаралық автомобиль тасымалы қаншалықты артты

АСТАНА. KAZINFORM — Бұған дейін Қазақстан бірқатар елмен автокөлікпен жүк тасымалдау саласында келісім жасайтыны айтылған еді. Осы орайда Көлік министрлігі бұл жұмыстар қаншалықты орындалғаны жайында түсінік берді.

42 мемлекетпен келісім бекітілді: халықаралық автомобиль тасымалы қаншалықты артты
Фото: Kazinform/ЖИ

— Бүгінде халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін қажетті институционалдық негіз қалыптасты. Қазақстандық тасымалдаушылар Еуразияның негізгі бағыттары бойынша тасымалдарды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие. 42 мемлекетпен үкіметаралық келісімдер жасалып, халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру шарттары айқындалған, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында. 

Ведомство ақпаратына қарағанда, кедергісіз тасымалдарды қамтамасыз ету мақсатында көршілес мемлекеттермен рұқсат беру жүйесін либерализациялау бойынша жұмыс іске асып жатыр. Иран және Түрікменстанмен тиісті келісімдер жасалды, сондай-ақ Түркиямен рұқсатсыз транзитті енгізу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандық тасымалдаушылар енді Әзербайжан, Түркия және Қырғызстан аумағында халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру үшін электрондық шетелдік рұқсат бланкілерін онлайн рәсімдей алады.