421 млн теңге: Оралда сумен қамту жабдықтарын сатып алу барысында бюджет қаражатын жымқырудың жолы кесілді
ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Батыс су арнасы» ЖШС-мен ауыз суды залалсыздандыруға арналған жабдықтарды жеткізу және орнату бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру барысында бюджет қаражатын жымқыруға оқталу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, сот-тауартану сараптамасының нәтижелеріне сәйкес жабдық құнының нарықтық бағадан жоғарылату сомасы 421 млн теңге болды.
- Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Лауазымды тұлғаларды ұстап алу жүргізілмеді. Сондай-ақ аталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру «Батыс су арнасы» ЖШС-нің негізгі қызметіне, оның ішінде жұмыскерлердің жалақысын кешіктіруге әсер етпейді. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 155 млн теңгелік мемлекеттік сатып алу кезінде жалған банк кепілдік құжаты анықталғанын жазған едік.