436 мың теңге: Жамбыл облысында танысын пышақтаған ер адам ем шығынын өтейді
АСТАНА. KAZINFORM – Жамбыл облысында танысына ауыр дене жарақатын келтіргені үшін сотталған ер адам жәбірленушінің емделуіне жұмсалған 436 мың теңгені мемлекетке қайтаруға міндеттелді. Бұл қаражат медициналық көмек көрсетуге бюджеттен бөлінген, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Таныстар арасындағы жанжал пышақ жарақатымен аяқталған. Соққылардың бірі жәбірленушінің кеуде тұсына тиіп, өкпесі зақымданған. Жарақатының ауырлығына және асқынуына байланысты оған шұғыл ота жасалып, стационарда емделуге тура келген.
Медициналық көмек ақысын мемлекет төлеген. Шығын көлемі 436 мың теңгені құрады.
2026 жылғы ақпанда Жуалы аудандық соты шабуыл жасаған ер адамды денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп таныған. Осыдан кейін Талас ауданының прокуроры емделуге жұмсалған қаражатты өндіріп алу туралы жеке талап арыз берген.
Талас аудандық сотының хабарлауынша, бұл шығындар сотталған адамның әрекетінен тікелей туындаған. Іс материалдарын зерделеген сот прокурордың талабын қанағаттандырды.
Сот шешімімен ер адамнан мемлекет кірісіне 436 мың теңге өндіріп алу белгіленді. Бұған қоса, ол мемлекеттік баж салығын да төлеуге тиіс.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысының соттары былтырғыдан екі есе көп адамды ақтағанын жаздық.