46 жастағы Роналдиньо соңғы голын соғу үшін кәсіби футболға қайта оралды
АСТАНА. KAZINFORM – Бразилия футболының аңызы Роналдиньо 46 жасында алаңға қайта оралып, Италияның «Равенна» клубының ойыншысы ретінде ресми тіркелді, деп хабарлайды Sky Sport.
Италиялық басылымның мәліметінше, Роналдиньоның негізгі мақсаты – кәсіби мансабындағы соңғы голын соғу. «Равенна» оның алдағы маусымда алаңға шығатынын мәлімдеп, бразилиялық футболшы киетін жаңа жейдені де таныстырған.
– Жаңа атмосфера, баяғы күлкі. Доппен қайтадан билеп, Игнацио Чиприани және Чиприани отбасымен бірге жаңа әрі тамаша тарих жазуды асыға күтіп жүрмін. Мен үшін футбол әрқашан той болып келді. Осы рухты Равеннаға алып келетініме қуаныштымын, – деді Роналдиньо.
Клубтың хабарлауынша, Роналдиньоның «Равеннаға» қосылатыны 23 маусымда Майамиде ресми жарияланған. Ол команда сапына футболшы ретінде тіркелген.
«Равенна» президенті Игнацио Чиприани Роналдиньоны бала кезінен кумир тұтқанын айтты. Оның пікірінше, әйгілі бразилиялықтың клубқа келуі «Равенна» үшін ерекше оқиға әрі жаңа буын жанкүйерлерінің командаға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, былтыр Роналдиньоның рекордын жаңартқан Мейрамбек Сілеусінов есімді оқушы «Ордабасыдан» шақырту алғанын жаздық.