47 мың теңге пара алған жамбылдық шенеунікке 1,6 млн теңге айыппұл салынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Көліктік бақылау инспекциясы Мемлекеттік қызмет көрсету және ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысы парамен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті осы өңірдегі Көліктік бақылау инспекциясы Мемлекеттік қызмет көрсету және ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімінің басшысы С. Қайнарбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ол ауыр салмақты және ірі көлік құралдарын Қазақстан Республикасы аумағында жүргізуге арнайы рұқсат бергені үшін 47 мың теңге пара алған», - деп хабарлады облыстық департаменттің баспасөз қызметі.

5 тамыз күні Тараз қаласының №2 сотының үкімімен С. Қайнарбаевқа 1,6 млн теңге айыппұл тағайындалды.

«Айыппұл үкім өз күшіне енген сәттен соң, 1 ай мерзімде төленуі тиіс. Төленбеген жағдайда жаза бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылады», - делінген хабарламада.

Сотталушы өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.


Соңғы жаңалықтар
telegram