47 жылын жол саласына арнаған Гүлдарай Мұхамадиева

47 жылын жол саласына арнаған
Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM – Абайдың елінде 47 жылын жол саласына арнаған, күні бүгінге дейін «темір көлік» тізгіндейтін 66 жастағы Гүлдарай Мұхамедиева тұрады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» жазды. 

«Омбы-Майқапшайғай» автожолының 942-1103 шақырым учаскесіндегі «Қалбатау-Бұғаз» арқылы өтетін жүргізушілер мен жолаушыларға Гүлдарай ханым жақсы таныс. Себебі, алты ай қыстағы бұрқасында жол ашатын да, ала жаздай жолды күтіп-ұстайтын да осы кісі.

Еңбек жолында мыңдаған шақырым жолдың жағдайын тиісті деңгейде сақтап, мыңдаған адамды қар құрсауынан құтқарған. Көліктің кез келген түрі: камаз дейсіз бе, шнекоротер, автогрейдер дейсіз бе, барлық техниканы еркін меңгерген.

Жасым келді демей, бүгінге дейін жолда бір адамдай еңбек етіп, көлік тізгіндейді. Бір қызығы, осы 47 жылдың ішінде жол ережесін мүлдем бұзбаған, бірде-бір айыппұл арқаламаған.

Көпбалалы отбасында бес ұлдан кейін дүние есігін ашқан ол ер мінезді болып өскен. Кішкентайынан әкесінің қасында жүріп, техниканы меңгерген. Техникаға деген сол балалық махаббат күні бүгінге дейін күшін жоймаған.

Кейіпкеріміз жолшы болу әйел адам үшін оңай емес екенін айтады. Өйткені, үйде – аяулы ана, ал, түзде - білікті маман болу әсте жеңіл емес. Сөйтсе де, қайсар жан Гүлдарай Мұхамедиева жұмысымен қатар балаларын жеткізіп, бау-бақшасын егіп, мал ұстап та үлгеруде.

Бүгінде үш қызғалдақ қызы бойжетіп, ел дамуы үшін еңбек етіп жүр. Кіші қызы – теміржолшы. Сүйікті немерелерінің асыл әжесі әлі де құдай күш-қуат берсе, қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру үшін аянбай еңбек ете беремін деп отыр. 

Соңғы жаңалықтар