475 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 10 трлн теңге сомасындағы 475 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімдері бақылаумен қамтылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

475 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды
«Биылдың 9 айында шамамен 10 трлн теңге сомасына 475 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімдері камералдық бақылаумен қамтылды. Тексеру қорытындылары бойынша 31 650 рәсімге қатысты ереже бұзу деректері анықталды, оның ішінде мемлекеттік аудит нысандары аталған кемшіліктерді жою туралы хабарламалардың 93 пайызын орындады», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, 1 851 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен шамамен 3,6 трлн теңге бюджет қаражаты қамтылды. 288 млрд теңгеге қаржы саласындағы талаптарды бұзу деректері анықталды.

Осы орайда тауарларды жеткізу, қызметтерді көрсету және жұмыстарды орындау, бюджетке өтеу және есепке алу жолымен 272 млрд теңге сомасындағы аталған кемшіліктер жойылды. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 638 ұсыным берілді.