48 мәслихат депутаттары сайланды - ОСК

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабы 4-тармағына сәйкес 26 қазанда республикамыздың 14 өңірінде 48 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауы өтті.

48 мәслихат депутаттары сайланды - ОСК

Нәтижесінде Алматы қалалық мәслихатының 2 депутаты, 2 облыстық, 13 қалалық және 31 аудандық мәслихаттың депутаттары сайланды. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ведомствоның баспасөз хатшысы Венера Жексембекова мәлім етті.

«Сайлау науқаны барысында барлығы 159 кандидат ұсынылған, олардың 52-сін саяси партиялар, 107-сі өзін-өзі ұсынғандар. Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына кандидат ретінде 150 адамды тіркеді. Жалпы республика бойынша сайлау бюллетеньдеріне 127 кандидаттың тегі енгізілді. Бір депутаттық мандатқа орташа бәсекелестік шамамен 3 үміткерді құрады», - деді В. Жексембекова.

Оның айтуынша, шараға сайлаушылардың келуі 72,3 %-ды құрады. Дауыс беру барысы мен дауыстарды санау рәсімін 380 кандидаттың сенім білдірген адамдары, саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер және БАҚ өкілдері байқауды жүзеге асырған. Мәслихаттардың сайланған депутаттарының 33-і ер адам және 15-і әйел. Сайланған депутаттардың орташа жасы - 45 жас. Олардың 91,7 пайызының жоғары, 6,2 % -ның орта арнайы және 2,1%-ның орта білімі бар. 56,3%-ы мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда және кәсіпорындарда, 22,9%-ы коммерциялық құрылымдарда жұмыс жасайды, 16,7%-ы саяси партиялар мен ҮЕҰ қызметкерлері. «Жалпы сайлау науқаны сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес өтті. Ортсайлаукомға 3 өтініш келіп түсті. Олар сайлау заңнамасының жекеленген нормаларын түсіндіруді талап етті. Барлық өтініштер уақтылы қаралып, олар бойынша тиісті жауаптар мен түсіндірмелер берілді», - дейді В. Жексембекова.