49 млн берешек: СҚО-дағы кәсіпорында 93 жұмысшы екі ай жалақы алмаған
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанда мемлекеттік еңбек инспекторларының жұмысының арқасында 56 мыңнан астам жұмысшының еңбек құқығы қорғалды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлінің баспасөз қызметі.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының сақталуына қатысты 5,7 мыңнан астам тексеру жүргізген. Тексеру нәтижесінде жұмыс берушілерге анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, қызметкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру шаралары қабылданған.
Еңбекақының уақытылы әрі толық төленуіне ерекше көңіл бөлінеді. Тексеру барысында бірқатар кәсіпорында жалақы бойынша берешек бары анықталған. Бұл мәселені шешу үшін жұмыс берушілермен бірлесіп, берешекті өтеу кестелері бекітілген. Оның орындалуын мемлекеттік еңбек инспекторлары тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыс берушілер жалақы бойынша берешекті өтей бастаған. Соның арқасында жүздеген жұмысшының еңбек құқығы қалпына келтірілді.
— Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында «Москворецкое» ЖШС-нің 93 жұмысшысына екі ай бойы жалақы төленбеген. Осы жағдайға байланысты Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру барысында қыркүйек-қазан айлары үшін 48,8 млн теңге көлемінде жалақы берешегі бары анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша жұмыс берушіге берешекті өтеу туралы нұсқама беріліп, әкімшілік айыппұл салынған, — делінген ведомство хабарламасында.
Министрлік еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырып келеді.
Бұған дейін Ақтөбеде қай сала мамандарының жалақысы жоғары екенін жаздық.