4 баланың анасы, 70 адамның панасы: Қарағандылық отбасы қарттар үйін ашу үшін барын сатқан

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда қарттар үйін ашу үшін өз үйін сатқан қайсар жан бар. 80 жанды паналатқан Ләззат Мусинаның өзі пәтер жалдап тұрады. Қазір Ләззат 4 балаға ана, 70 адамға пана болып отыр.

Қарттар үйі
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Ләззат Мусинаның негізгі мамандығы заңгер. «Киелі шаңырақ» қамқорлық орталығын ашу идеясы оған сол салада жұмыс істеп жерген кезде келген.

Алғашында ол тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсеткен. Кейін құжаттары түгенделмегендерге үй жалдап берген. Жәрдем сұрап келушілер саны көбейген кезде үлкен мекеме ашуды шешкен.

— Ең басында Жандарбеков көшесінен бір үй тауып, оны жалға алдық. Сол екі ортада қыс түсті. Оны естіп тағы адамдар келе бастады. Әр нәрсенің бір несібі болады ғой, осылайша жұмыс басталып кетті, — дейді «Киелі шаңырақ» Қамқорлық орталығының құрылтайшысы Ляззат Мусина.

Қарттар үйі
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

«Киелі шаңырақ» алғашқы 4 жылда көшпелі орталық болған. Осы уақыт аралығында Ләззат жұбайы Әсетпен бірге бірнеше жалдамалы пәтер ауыстырып үлгерген. Қазір қариялар тұрып жатқан үйден оларды банк бір күнде қуып шықпақ болғанда оны сатып алуды шешкен.

Дегенмен ол үшін Әсет Мусин шаруа қожалығын, ал отбасы өз үйін сатуына тура келген. Ал жетпеген қаржының несиесін олар әлі төлеп отыр.

Қарттар үйі
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

— Басында үй сатып аламыз деген ойда жоқ еді. Осындай жағдай болған соң малымызды саттық, фермамызды саттық. Жетпеген ақшаны олай да, былай іздеп көрдік, болмады. Кредит алайық десек оған шамамыз келмейді екен, ай сайын 3 млн төлеу керек болды. Содан кейін тұрып жатқан үйімізді сатайық дедім. Содан екі этажды пентхаусымыз бар соны сататын болдық. Басында жолдасым қарсы болды, өйткені бес баламен қайда барамыз? Оңай емес. Бірақ таразыға салғанда 5 адам әлде 50 адаммен көшкен қалай дедік те, мен рұқсатымды бердім, — дейді Ляззат Мусина.

Қарттар үйіне келушілер саны артып келе жатқандықтан ерлі-зайыпты Мусиндер үлкен орталық ашуды армандайды. Бірнеше жылдан бері ғимарат салар жер сұрап әкімдіктің табалдырығын тоздырған.

Ал әкімдіктегілер жер ұсындық, бірақ оны рәсімдеуге ешкім келмеді дейді.

Қарттар үйі
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

— Ләззат Мусина әлеуметтік нысанның (қарттар үйі) құрылысына жер учаскесін беру мәселесі бойынша жергілікті атқарушы органға ауызша жүгінді. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 48-бабына сәйкес мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалдау құқығын беру сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) жүзеге асырылатыны түсіндірілді. Аукционға шығарылатын жер телімдерінің тізіміне енгізу үшін өтінішпен және жер телімін орналастырудың қоса берілген схемасымен Қарағанды қаласы әкімінің аппаратына жүгінуі қажет. Бүгінгі таңда Қарағанды әкімінің аппаратына Мусина өтініш берген жоқ, — деп хабарлады Қарағанды қаласының әкімдігі.

Алайда, Ләззаттың айтуынша, әкімдікте ұсынылған учаскеде коммуникация жоқ. Ал қарттар үшін, әсіресе төсек тартып жатқан қариялар үшін су мен кәріздің болуы өте маңызды.

Қарттар үйі
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

— Біз жер мәселесін сұрап Астанаға да бардық. Осындай бір жер беріңдерші, біз өз күшімізбен сол кісілерге ғимарат саламыз дедік. Ол ғимартты біздің атымызға бермей-ақ қойсын, мелекеттің атына берейік дедік. Әлі де жер бұйырмады. Бір жерді Күнгей жақта, бір төбешіктің басынан беріпті. Енді бізде қарттар болғаннан, ол жерде жарық та, су да, кәріз де болғаны керек. Алайда ол жерге қарияларымыз ауырып қалатын болса, жедел жәрдем де жете алмайды. Біз ол жерге ғимаратты қалай саламыз? — дейді «Киелі шаңырақ» Қамқорлық орталығының директорыӘсет Мусин.

Әзірге баспанасы жоқтар мен қариялар қарттар үйінде тұрып жатыр. Алайда Ләззат пен Әсет Мусиндер осындай мұқтаж жандарға кең ғимарат салып берсек деп армандайды.

Ал Ләззат пен Әсеттің өздері бала-шағасымен 1 бөлмелі жалдамалы пәтерде тұрады. Ішкі арпалысына қарамастан қайсар шешім қабылдаған Ләззат бар мүлкін сатып, қарттар үйін ашқанына еш өкінбейтінін айтады.

Қарттар үйі
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

— Бірінші күні жалдамалы пәтерге көшіп, сол бір бөлмелі үйде қонған күні таңертең тұрсам  менің кішкентай қызым домалап барып үстелдің астына кіріп кетіп, еденде ұйықтап жатыр екен. Содан көңілім босап жылап, «өз мүддемді ойлап, қателік жасадым ба, қалай? балаларымды неге ойламадым?» деп күйзеліске түсіп қалдым. Бірақ бізге сеніп отырған 50 адамды ойлағанда бірден есімді жинап алдым. 50 адамның көшкені қалай, 5 адам көшкені қалай дедім де, содан бері жасап жатқанымыз дұрыс деп сеніп келеміз, — дейді «Киелі шаңырақ» қамқорлық орталығының құрылтайшысы Ләззат Мусина.

Қарттар үйі — Мусиндер ашқан жалғыз орталық емес. Бұдан бөлек аналар мен балаларға арналған мекеме бар. Онда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары мен құжатсыз көшеде қалған әйелдер тұрады.

Еске салсақ, Ақсу қаласында «Қамқор» әлеуметтік қызметтер орталығының тұрғындарына қатысты қатыгездік көрсету жөніндегі резонанс тудырған іс бойынша сот үкімі шықты. Бұл туралы Павлодар облысының прокуратурасы мәлім етті. 

Соңғы жаңалықтар