5%-бен ауыл шаруашылығы техникасына өтінім қабылдау басталды
АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАгроҚаржы» АҚ отандық өндірушілердің ауыл шаруашылығы техникасын 5%-бен сатып алуға «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдаудың басталғаны туралы хабарлады. Бағдарламаны жүзеге асыруға мемлекет 100 млрд теңге бөлді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы отандық өндірістің және/немесе құрастырудың ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландыруға бағытталған.
Бағдарламаның шарттары: мөлшерлеме - жылдық 5%, лизинг мерзімі 7 жылдан аспайды, сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 5 (бес)%, бірінші лизингтік төлем - кемінде 10 (он)%. Лизинг нысанасын алғаннан кейін 2024 жылғы 1 желтоқсаннан кешіктірмейтін мерзімде төлеу мүмкіндігі бар.
Жеңілдетілген бағдарлама бойынша өтінімдерді қабылдау 17 маусым күні сағат 14:00 басталады.
«Клиент өтінім берген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде Telegram bot-қа «ҚазАгроҚаржы» компаниясының өңірдегі филиалына құжаттардың толық пакетін ұсынуы қажет. Филиалдардың байланыс құралдары компанияның www.kaf.kz сайтында көрсетілген», - делінген хабарламада.