5 қазан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 5 қазан тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

күнтізбе
Фото: ҚазАқпарат

68 жыл бұрын (1955) Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Баймұхамедұлы ҚАНАҒАТОВ дүниеге келді.

ҚХР-дың Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Қазақ дене шынықтыру институтын және 2006 жылы «Қайнар» университетінің экономика факультетін тәмамдаған. Педагогика ғылымының кандидаты.

Еңбек жолын 1977 жылы орта мектептің дене тәрбиесі мұғалімі болып бастады. 1979-1994 жылдар аралығында «Қайрат» спорттық-дене шынықтыру республикалық қоғамының орталық кеңесінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, басқарма бастығы, орталық кеңес төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1994-2006 жылдар аралығында жұмысын мемлекеттік қызметте жалғастырды. 1995-2001 жылдары ҚР Жастар, туризм және спорт министрлігінің дене шынықтыру басқармасы бастығының орынбасары, ҚР Білім, мәдениет және денсаулық министрлігінің Туризм және спорт комитетінде бас маманы, бөлім бастығы, ҚР Туризм және спорт агенттігінің басқарма бастығы болып жұмыс істеді. 2001-2006 жылдары аралығында - ҚР Туризм және спорт агенттігі төрағасының орынбасары, ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Спорт істері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары. 2006-2010 жылдары ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің «Штаттық ұлттық командалар және спорттық резерві» РМҚК директоры қызметін атқарды. 2010-2011 жылдары – ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті төрағасының орынбасары. 2011 жылғы желтоқсан айында ҚР Туризм және спорт вице-министрі лауазымына тағайындалды. 2012 жылғы ақпан айынан бастап ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары. 2014 жылдың тамыз айынан бастап ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру ісі комитетінің төрағасы. 2014-2018 жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру ісі комитетінің төрағасы болды.

2018 жылдың қаңтарынан бері қазіргі қызметінде.

68 жыл бұрын (1955) қоғам және саясат қайраткері, VI сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Екатерина Сергеевна НИКИТИНСКАЯ дүниеге келді.

Алматы қаласында туған.

1977 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (экономист) бітірген.

Еңбек жолы: 1977-1991 жылдары Қазақстан Ғылым Академиясының Экономика институтында аға ғылыми қызметкер болды. 1991-1993 жылдары ҚР Мемлекеттік мүлік комитеті департаменті бастығының орынбасары, 1993-1994 жылдары «Атакент» АҚ вице-президенті болып жұмыс істеді. 1994-1995 жылдары – «Интраст «Қазақстан жолдары» ЖШС директоры. 1995-1996 жылдары – ҚР Мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары. 1996-1997 жылдары – «Essex» компаниясы президентінің кеңесшісі. 1997 жылы ҚР Стратегиялық ресурстарды бақылау агенттігі бақылау-ревизия департаментінің директоры қызметін атқарды. 1997-1998 жылдары «Хабар» агенттігі» РМК қаржы директоры болып жұмыс істеді. 1998-2001 жылдары – «Essex» фирмасы өкілдігінің кеңесшісі. 2001-2004 жылдары – ҚР Жұмыс берушілер конфедерациясы атқарушы дирекциясының директоры. 2004-2005 жылдары – ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары. 2005-2006 жылдары – ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі аппарат басшысының орынбасары. 2007-2012 жылдары – «Атамекен» Одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, «Қазақстан Республикасының қаржы және салық консультанттары палатасы» ЖШС бас директоры. 2011 жылы Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының партиялық тізімі бойынша бесінші сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, 2012-2016 жылдары V сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы болды. 2016 жылы «Ақ жол» Демократиялық партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, 2016-2021 жылдары – «Ақ жол» Демократиялық партиясы атынан VI сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.

Экономика ғылымдарының кандидаты, диссертация тақырыбы: «Социалистік бәсеке қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыру факторы ретінде» (1984); экономика ғылымдарының докторы, диссертация тақырыбы: «Өндірістік сектордағы инновациялық инвестицияларды дамытудағы Қазақстан Республикасының салық саясаты» (2010 ж.).

2015 жылдан бастап «Ақ жол» Демократиялық партиясы төрағасының орынбасары қызметінде.

«Құрмет» орденімен (2011), медальдармен, ҚР Құрмет грамотасымен марапатталған.

49 жыл бұрын (1974) Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Нағашыбайұлы ЖАЛМАҒАМБЕТ дүниеге келді.

Ақтөбе облысында дүниеге келген.

1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.

Еңбек жолы: Ішкі істер органдарындағы қызметін 1996 жылы бастаған. Ақтөбе гарнизоны бойынша әскери-тергеу бөлімінің тергеушісі болып қызмет атқарған. 1996-2014 жылдары ішкі істер органдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің түрлі лауазымдарында қызмет атқарды. 2014-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің сотқа дейінгі тергеу департаменті басшысының орынбасары қызметінде. 2016-2018 жылдары – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Жедел департаментінің басшысы. 2018-2022 жылдары Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы.

Қазіргі қызметін 2022 жылғы мамырдан бастап атқарып келеді.

47 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары Асқар Сақтағанұлы БИАХМЕТОВ дүниеге келді.

Ақтөбе облысында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (қаржы және несие), Қазақ заң академиясын (құқықтану), Duke (АҚШ) университетін (саясаттану) бітірген.

Еңбек жолы: 1993-2004 жылдары облыстық қаржы басқармасында, «Профилакторий» ПК-да, Ақтөбе қаласының Салық комитетінде, қалалық әкімдікте, сондай-ақ Ақтөбе облысының қазынашылық және қаржы басқармаларында басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. 2004-2009 жылдары — Ақмола облысы бойынша Қазынашылық департаментінің бастығы. 2009-2014 жылдары — ҚР Конституциялық Кеңесінің бөлім меңгерушісі. 2014-2015 жылдары — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаментінің директоры. 2015-2018 жылдары — Ақтөбе облысының әкімінің орынбасары. 2019-2020 жылдары — ҚР Премьер-Министрі бірінші орынбасарының кеңесшісі. 2020-2023 жылдары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары.

2023 жылғы ақпанда ҚР Үкіметі Аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды.

47 жыл бұрын (1976) «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Қуанышбек Өскенбайұлы ҮШТАЕВ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Жуалы ауданы Алексеевка ауылында туған. Алматы жоғары әскери училищесін (1997), Ұлттық қорғаныс университетін (2009), РФ Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясын (2018) бітірген.

1997-2000 жылдары 25717 әскери бөлімінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды. 200-2004 жылдары – 61993 әскери бөлімінің мотоатқыштар батальонының командирі. 2004-2005 жылдары – 18404 әскери бөлімінің авиациялық-шабуылдау батальонының (жаяу әскерлердің жауынгерлік машиналары) командирі. 2005-2009 жылдары – 42062 әскери бөлімінің командирі, 2009-2010 жылдары – 61993 әскери бөлімі штаб бастығы - командирдің бірінші орынбасары, 2010-2011 жылдары – 12740 әскери бөлімінің командирі, 2011-2015 жылдары – 85395 әскери бөлімінің командирі, 2015-2018 жылдары – «Оңтүстік» РҚБ өңірлік қолбасшылық қолбасшысының жауынгерлік даярлық бойынша орынбасары - қолбасшысы дирекциясы жауынгерлік даярлық бөлімінің бастығы. 2018-2022 жылдары – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы - қолбасшысының бірінші орынбасары.

Қазіргі қызметін 2022 жылдан бері атқарып келеді.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

103 жыл бұрын (1920-1988) ақын Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Орал облысының Ақжайық ауданында туған. Орал ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. 1940-1947 жылдары әскер қатарында болған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

1948-1952 жылдары – «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары. 1952-1954 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші. 1955-1956 жылдары – «Қазақ әдебиеті» газеті редакторының орынбасары. 1957-1963 жылдары – «Жұлдыз» журналының бас редакторы. 1963-1971 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы. 1973-1983 жылдары – КСРО Жазушылар басқармасының хатшысы. 1979-1983 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1983-1988 жылдары – шығармашылық жұмыспен айналысты. Алғашқы өлеңі Орал облыстық «Комсомол ұрпағы» газетінде 1939 жылы басылған. 1949 жылы «Жеңіс жырлары» деген атпен тұңғыш өлеңдер жинағы шыққан. Содан бергі жылдар ішінде «Нұрлы жол», «Жыр туралы жыр», «Ғашық көзбен», «Заман тынысы», «Байқоңыр баспалдақтары», т.б. барлығы 60-тан астам кітабы, әр кезеңде қазақ, орыс тілдерінде таңдамалы шығармаларының бір томдығы, қос томдығы, үш томдығы жарық көрді.

Жұбан Молдағалиевтің ең танымал шығармаларының бірі «Мен – қазақпын» поэмасы 1964 жылы жарық көрген. Өзі дүниеден өткеннен кейін шығармаларының екі томдығы шықты. 1970 жылы «Кісен ашқан» поэмасы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына, 1978 жылы «Қыран дала» және «Сел» поэмалары үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. КСРО Қорғаныс министрлігі сыйлығының лауреаты және А. Фадеев атындағы алтын медальдің иегері. Көптеген шығармалары ағылшын, неміс, француз, поляк, испан, венгр, араб, моңғол, словак және басқа да тілдерге аударылған.

Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, екі рет ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған. 1985 жылы «Қазақ КСР Халық жазушысы» құрметті атағы берілді.

99 жыл бұрын (1924-1988) белгілі сатирик, жазушы Шона СМАХАНҰЛЫ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Талас ауданында туған. Қазақ ұлттық педагогика университетін бітірген. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.

1943-1957 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданында педагогикалық қызметте болған. 1957-1984 жылдары – «Мектеп» баспасының редакторы, «Қазақстан мұғалімі» газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, «Ара» - «Шмель» журналының фельетонисі, «Жазушы» баспасының редакторы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Тұңғыш сатиралық өлеңдер жинағы «Тотияйын» 1959 жылы басылып шыққан. «Қу түлкінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің», «Шымшыма», «Ұры тіс», «Алтын жұмыртқа», «Ұр, тоқпағым, ұр», «Жүз шымшыма, қырық қышыма», «Қоңыраулы шеңгел», «Кездік», «Сандықтан шыққан шайтан», «Жымияды жеңешем», «Жасырайын несіне», «Өткірдің жүзі» сатиралық өлеңдер жинағы, тарихи тақырыпқа жазылған «Үміт жұлдызы» повесі жарық көрген. Бірқатар ән мәтінінің авторы. Орыс тілінде бірнеше кітабы жарық көрген.

Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және медальдармен марапатталған. Алматы қаласындағы мектепке Ш. Смаханұлының есімі берілген.