5 қыркүйекте Қазақстанның үш облысында орман өрті тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тәулігіне үш орман өрті тіркелді. Ақмола, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында тілсіз жаумен күреске қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылып, өртті толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Экология министрлігі мәлім етті.

өрт
Фото: ТЖМ

Ақмола, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында орман өрттері орын алғандығы туралы ақпарат келіп түскен сәттен бастап қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылып, өртті толық сөндіру жұмыстары жеделдетілді.

Өрт сөндіру жұмыстарына «Казавиаорманқорғау» РМКҚ мекемесінің су төгу құралымен жабдықталған тікұшағы мен орман күзеті қызметкерлері қатысуда. Бірқатар өңірлерде найзағайлы фронттар мен аптап ыстықтың сақталуына байланысты өрт қаупі жоғары деңгейде қалып отыр. Осыған байланысты мемлекеттік орман күзеті мен РМҚК «Қазавиаорманқорғау» күштері күшейтілген режимде жұмыс атқарып, әуе және жерүсті патрульдеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.

— Өрт қауіпті кезеңде азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, табиғат аясында қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарауға және отты пайдалану кезінде барынша сақтық танытуға шақырамыз, — деп ескертті министрліктен.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатқанын жаздық. Қазіргі уақытта төрт ошақтың үшеуі оқшауланған, ал төртінші учаскеде тілсіз жаумен күрес күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.