5 мыңнан астам алматылық банкроттыққа өтініш берген

Алматыда банкроттық рәсіміне жеке тұлғалардан 5 730 өтініш түсті.  Оның 4 526-сы кері қайтарылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Айдос Бұдығұлов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform. 

Банкроттық бойынша 5 мыңнан астам алматылық өтініш берген
Фото: inkaraganda.kz

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заңды іске асыру шеңберінде 2023 жылдың 3 наурызынан 23 қазанға дейін 5 730 өтініш түсті. Оның ішінде 5 603 өтініш (97,8%) қаралды», - деді ол.

Өтінім берген 527 азаматқа қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі басталды. Бұл – келіп түскен өтініштердің 9,2 пайызы. 4 526 өтініш бойынша азаматтар соттан тыс банкроттықты бермеу туралы хабарлама алды.

«Бас тартудың негізгі себебі – кейбір қарыз шарттарына сәйкес келмеуі. 550 азамат банкрот деп танылды, бұл – түскен өтініштердің 9,6 пайызы. 127 өтінішке қатысты (бұл – барлық келіп түскен өтініштің 2,2%-ы) тексеру жүргізіледі және қаралып жатыр», - деді спикер.

Қазір сот банкроттығына қатысты 32 өтініш бойынша іс қозғалды. Оның ішінде 24 азаматқа банкроттыққа азаматтық іс қозғау туралы сот ұйғарымы шығарылды. 8 азаматқа сот банкроттығы қолданылды.