5 млн теңгені жымқырған қазақстандық Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы қылмыскерлерді ұстап беру туралы келісім аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің құзырлы органдары ірі мөлшердегі алаяқтық үшін Алматы қаласының ІІД-і іздеу жариялаған 28 жасар Николай Капустянскийді ұстап беру туралы Бас прокуратураның сұрауын қанағаттандырды, деп хабарланды ҚР Бас прокуратурасының Фейсбуктегі ресми парақшасында.

 5 млн теңгені жымқырған қазақстандық Біріккен Араб Әмірліктерінен экстрадицияланды

Н.Капустянский 2013 жылы алаяқтық жолмен коммерциялық мекеменің 5 миллионға жуық сомадағы ақшалай қаражатын иемденіп, жасырынған.

Бүгін Бас прокуратура мен ішкі істер органдарының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігінің қолдауымен Н.Капустянскийді қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадициялады.

Қазіргі уақытта Н.Капустянский Астана қаласының тергеу изоляторына қамауға алынды.