5 наурыз. Туған күн иелері
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 5 наурызда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР
153 жыл бұрын (1866) Алаш көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы БӨКЕЙХАН дүниеге келді.
Қазіргі Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы) туған. Әкесі Нұрмұхамед Әлиханды тоғыз жасында молдаға оқуға беріп, зерек өрен кейін мектепте білім алады. Бұдан соң Қарқаралы қаласының үш жылдық училищесіне түсіп, үздік бітіріп шығады. Осылайша, 16 жасында Әлихан Омбының техникалық училищесіне түседі. Жиырма жасында Дала генерал губернатор кеңсесінің ұсыныс хаты мен қазақ қауымдастығының шәкіртақысына ие болған ол Санкт-Петербургтегі Орман шаруашылығы институтына түскен. Сабақпен қатар, саяси, әдеби, экономикалық үйірмелерге атсалысып, студенттік шерулерге қатысқан.
Әлихан жас кезінен-ақ қазақ қауымының өзекті мәселелерін жан-тәнімен түйсініп өседі. Халқына білім мен мәдениеттің ауадай қажеттігін жасынан ұғынған. Оқуды бітіре салысымен Омбыға келіп, қаланың саяси-әлеуметтік, қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. «Народная свобода» партиясына өтіп, қазақ зиялылары арасында партияның шағын тобын құрады. Әлихан сол кезден бастап өзін саяси тұлға ретінде қалыптастыра бастаған.
Әлихан Бөкейхан мен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскері жасақталды. Әлихан Бөкейхан миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. ХХ ғасырдың басынан бастап Алашорда үкіметі тарағанға дейін ол ұлт мүддесі жолындағы күрестің бел ортасында жүрді.
1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі.
60 жыл бұрын (1959) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Жамбыл облысынан сайланған депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Әбдәлі Тоқбергенұлы НҰРАЛИЕВ дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. 1981 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолы: Торғай облысындағы Жақсын элеваторында шебер (1981); Жақсын элеваторында механик (1982-1983); Торғай облысындағы Челгашинский элеваторының бас инженері (1987); Торғай облысындағы Державинский элеваторының директоры (1987-1988); Торғай облысындағы Челгашинский элеваторының директоры (1988); Целиноград облысындағы Краснознаменский элеваторының бас инженері (1988-1989); Жуалы ауданы Бурный астық қабылдау пунктінің директоры (1989-1996); «Алтын дән» Акционерлік қоғамының президенті (1996-2001); Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімінің орынбасары (2001-2003); Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкімі (2003-2007); Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының әкімі (2007-2012); Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы (2012-2015); Жамбыл облысы әкімінің орынбасары (2015-2017).
Қазіргі лауазымын 2017 жылғы маусымнан бері атқарып келеді.
58 жыл бұрын (1961) ҚР Парламенті Мәжілісінің VI шақырылым депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Дания Мәдиқызы ЕСПАЕВА дүниеге келген.
Ақтөбе облысында туған. Алматы есеп-несие техникумын (1982); Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1993) бітірген, экономист.
Еңбек жолы: КСРО Мемлекеттік банкінде Ақтөбе облыстық басқармасы несие бөлімінің экономисі (1982-1986); аға экономисі (1986-1987); Өнеркәсіп-құрылыс банкі облыстық басқармасы ақша айналымы бөлімінің аға экономисі (1988-1991); «Тұран» СО Ақтөбе филиалының бас есепшісі (1992); «Тұран» СО Ақтөбе филиалы директорының орынбасары (1992-1995); Қазақстан Әлем Банкі Ақтөбе облыстық басқармасының бас маманы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығының міндетін атқарушы (1995-1997); «Тұран Әлем Банкі» АҚ директорының корпоративтік бизнес жөніндегі орынбасары (1998-2005); «Тұран Әлем Банкі» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры (2006-2014); «Казкоммерцбанк» АҚ Ақтөбе филиалының директоры (2014-2016).
Қазіргі қызметін 2016 жылғы наурыздан бері атқарып келеді.
«Құрмет» (2011) орденімен; «ҚР тәуелсіздігіне 20 жыл», «Үздік қаржыгер» медальдарымен марапатталған.
53 жыл бұрын (1966) ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Сәбитұлы МҰХТАРОВ дүниеге келді.
Қарағанды облысы Теміртау қаласында туған.
Еңбек өтілі: ҚР Бас прокуратурасы әскери прокуратура органдарында қызмет еткен (1992-1994); ҚР ҰҚК органдарында - аса маңызды істер бойынша аға тергеуші, басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, Департамент бастығының орынбасары (1997-2011); ҚР Қорғаныс министрлігі кадр департаментінің бастығы (2011-2014).
Қазіргі қызметінде - 2014 жылғы сәуірден бері.
II дәрежелі «Даңқ» орденімен; «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен; 15 ведомстволық, мерейтойлық медальмен марапатталған.