5 шілдеге арналған ауа райы болжамы

СТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - 5 шілде күні атмосфералық ағымдардың өтуіне байланысты күн райының тұрақсыз сипаты сақталады, жекелеген аумақтарда жаңбыр жауады, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, жел күшеюі ықтимал.

5 шілдеге арналған ауа райы болжамы

Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасап, ТЖМ хабарлады.

Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, күндіз Қостанай облыстарында желдің екпіні секундына 15-22 метрге жетеді, ал Шығыс Қазақстан облысында 25-28 метрге дейін жетеді.

Болжам бойынша, Алматы облысында кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 17-22 метрге артып, шаңды дауыл тұрады.

Қарағанды облысында жекелеген аудандарда 15-20 м/с күшпен жел соғады, күндіз кей жерлерге бұршақ түсуі мүмкін.

Ақмола, Маңғыстау облыстарында түнде тұман тұрады, Ақмола облысының жекелеген аудандарында желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа жетеді.

Еліміздің солтүстік-батысында, оңтүстік-шығысында, оңтүстігі мен орталығында кей жерлерде жоғары өрт қаупі күтіледі.

Жақын тәуліктерде республиканың оңтүстігіндегі, оңтүстік-батысы мен шығысындағы таулардың етегіндегі өзендерде судың көлемі ауытқиды. Жазық жерлердегі өзендерде гидрологиялық режимде елеулі өзгерістер байқалмайды.