5 жастан 24 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтарының саны 4,5 млн. адамды құрайды
АСТАНА. Желтоқсанның 10-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 5 жастан 24 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтарының саны 4,5 млн. адамды құрайды. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстандық жастарды патриоттық тәрбиелеудің ролі: проблемалар, перспективалар, шешу жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел жиынында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Білім алу адам өмірінің біршама кезеңін қамтиды. Мектепке дейінгі кезеңмен, жоғары оқу орнын аяқтағанға дейінгі уақыт арасында тұлға қалыптасады. Сондықтан да, патриоттық тәрбие негізінде қойылған міндеттерді жүзеге асыруда білім беру жүйесі маңызды болып табылады», деді вице-министр.
Оның айтуынша, қазіргі кезеңде 5 жастан 24 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтарының саны 4,5 млн. адамды құрайды. Бұл - ел тұрғындарының 30 пайызы. «Патриоттық тәрбие беру мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап жүзеге асады. Онда Отан, халық бірлігі, тұңғыш Президенттің рөлі сынды түсініктер қалыптасса, біршама уақыттан соң оқушылар Қазақстан тарихы, мәдениеттану және саясаттану пәндері арқылы азаматтық сананы қалыптастыруға жол ашады», деді М. Сарыбеков.