5 желтоқсан. Тұлғалар туған күн

Бүгін, 5 желтоқсан күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? Kazinform оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

туған күн
Фото: Kazinform/Midjourney

68 жыл бұрын (1956) «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті» КЕАҚ Кәсіпкерлік және коммерцияландыру департаментінің директоры Мұхтар Сабырұлы ЖҰМАҒАЗИЕВ дүниеге келді.

Мұхтар Сабырұлы ЖҰМАҒАЗИЕВ
Фото: wikipedia.org

Ақтөбе облысы Исатай ауданы Қобыланды ауылында туған. Алматы малдәрігерлік институты, Алматы экономика және статистика институтын бітірген.

Еңбек жолы: 1980-1985 жылдары Ақтөбе облысы Қобда ауданы «Қобда» кеңшарында зоотехник-селекционер, бас зоотехник, 1985-1990 жылдары «Ильич» ұжымшарының партком хатшысы, 1990-1994 жылдары Қазақстан КП Қобда аудандық комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 1994-1996 жылдары «Серп и Молот» ұжымшары басқармасының төрағасы, 1996-1997 жылдары Исатай ауданының әкімі болып қызмет атқарған. 1997-2006 жылдары Қобда ауданының әкімі, 2006-2007 жылдары облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының бастығы, 2007-2010 жылдары Қарғалы ауданының әкімі, 2010-2011 жылдары Ойыл ауданының әкімі, 2011-2014 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 2014-2017 жылдары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған. 2017-2023 жылдары – ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі.

Қазіргі қызметін 2023 жылғы мамырдан бері атқарып келеді.

Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, сондай-ақ мерейтойлық медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын (1964) ҚР Президенті Архиві директорының орынбасары Роза Самидоллақызы КӘРІБЖАНОВА дүниеге келді.

Роза Самидоллақызы КӘРІБЖАНОВА
Фото: primeminister.kz

Торғай облысында дүниеге келген. Қарағанды мемлекеттік университетін, Еуразия гуманитарлық институтын, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ұлттық мемлекеттік саясат мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1986 жылы Торғай облысы Қима ауданы Үкі ОМ тарих пәнінің мұғалімі, тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі болып бастады. 1988-1991 жылдары Қима аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Қазақстан ЛКЖО Торғай облыстық комитетінің хатшысы, 1991-1994 жылдары Семей облыстық жастар ісі жөніндегі комитетінің ұйымдастыру бөлімінің жетекші маманы, басшысы, 1994-2000 жылдары Семей облыстық жастар ісі, туризм және спорт басқармасының, Семей қаласы Жастар, туризм және спорт комитетінің бас маманы, Семей қаласы білім, жастар және спорт басқармасының тәрбие жұмысы және жастар саясаты бөлімінің басшысы, 2000-2003 жылдары ҚР Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігінің Мұрағаттар мен құжаттаманы басқару комитетінің жетекші, бас маманы, бөлім басшысы болып қызмет етті. 2003-2008 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Әлеуметтік-экономикалық бөлімінің бас сарапшысы, 2008-2014 жылдары ҚР Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары, 2014-2016 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы, Жастар саясаты департаментінің директоры, 2016-2019 жылдары ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ішкі әкімшілендіру департаментінің директоры, 2019-2020 жылдары «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 2020-2022 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2022-2023 жылдары – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің төрайымы.

Қазіргі қызметін 2023 жылдың мамыр айынан бері атқарып келеді.

54 жыл бұрын (1970) Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Нүрия Оралжанқызы СИСЕНОВА дүниеге келді.

Нүрия Оралжанқызы СИСЕНОВА
Фото: ҚР Жоғары Сот Кеңесі

1994 жылы Мәскеу мемлекеттік заң академиясын бітірді.

Еңбек жолын 1989 жылы Ақтөбе облыстық сотының мұрағатшысы, сот отырысының хатшысы, қылмыстық істер жөніндегі алқа хатшысы, консультанты лауазымынан бастады. 1997-2002 жылдары Ақтөбе облысы Алға аудандық сотының судьясы, 2002-2013 жылдары Ақтөбе облыстық сотының судьясы болды. 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – ҚР Жоғарғы Сотының судьясы.

Қазіргі лауазымын 2022 жылдың маусым айынан бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызмет үшін» және ІІ дәрежелі «Мінсіз қызмет үшін» медальдарымен, «Үш би» ҚР Судьялар Одағының Құрмет белгісімен, «Сот жүйесінің үздігі» кеуде белгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Конституциясына 25 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Қазақстан Республикасының сот жүйесіне 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

52 жыл бұрын (1972) Қостанай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Армат Нұрмұратұлы ЕРМАНОВ дүниеге келді.

Армат Нұрмұратұлы ЕРМАНОВ
Фото: atr.sud.kz

Қызылорда облысы Қармақшы ауылында дүниеге келді. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірді.

Еңбек жолын Мемлекеттік тергеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша тергеушісі болып бастады. 1998-2002 жылдары ҰҚК Қызылорда облысының Байқоңыр қаласындағы жедел өкілі, 2000-2002 жылдары Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы, 2002-2008 жылдары Қармақшы аудандық сотының судьясы, 2008-2014 жылдары Қызылорда облыстық сотының судьясы болып қызмет атқарды. 2014-2020 жылдары Атырау қалалық сотының төрағасы болды. 2018-2020 жылдары – Судьялар одағы Атырау филиалының төрағасы.

Қазіргі қызметін 2020 жылдың сәуірінен бері атқарып келеді.

45 жыл бұрын (1979) Ақмола облысы прокурорының орынбасары Ерболат Еркінұлы ЖҮСІП дүниеге келді.

 Ерболат Еркінұлы ЖҮСІП
Фото: Ақмола облысының прокуратурасы

Солтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолы: прокуратура органдарындағы қызметін 2001 жылы бастаған, әр уақытта Көкшетау қаласы прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі, Ақмола облысы прокуратура басқармасының прокуроры, Батыс өңірлік көлік прокуратурасы бөлімінің бастығы, Ақмола облысы прокуратура басқармасының бастығы, Бас көлік прокуратурасы басқармасының бастығы, Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы прокуроры, Ақмола облысы прокуратурасы аппаратының басшысы – басқарма бастығы, Ақмола облысы, Қосшы қаласының прокуроры қызметтерін атқарған.

2023 жылғы қазаннан бастап қазіргі лауазымында.

38 жыл бұрын (1986) Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Арман Нұржанұлы ШАМШИН дүниеге келді.

Арман Нұржанұлы ШАМШИН
Фото: Алмалы ауданы Әкімінің аппараты

Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін (экономика факультеті), Бейжің университетін (әлеуметтану) бітірген. Nazarbayev University Жоғары бизнес мектебінің басшылары үшін іскерлік әкімшілендіру магистрі (Executive MBA) дәрежесіне ие.

Еңбек жолын 2011 жылы бастаған. Әр жылдары мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларда бірқатар басшылық қызметтер атқарған. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде кеңесші болып жұмыс істеді, «НУХ «Бәйтерек» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарды.
Қытай, ағылшын және түрік тілдерін жетік біледі. 2022 жылдың шілдесінен бастап қазіргі тағайындалғанға дейін «Алматы ӘКК» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2024 жылғы сәуірде Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар