5 жыл ішінде Қазақстандағы бейнебақылау камераларының саны 75 пайызға көбейеді - Бас прокуратура

Бұл туралы бүгін Бас прокуратура жанындағы Заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі Қоғамдық кеңестің мәжілісінде Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
«Біздің ойымызша, Бағдарламаны жүзеге асыру 2017 жылға қарай барлық құқыққорғау органдары және экстремизм мен терроризмге қарсы қызмет атқаратын арнайы органдар қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Н. Сүйіндіков.
Оның айтуынша, осы мерзімге дейін экстремизм мен терроризмге қарсы қызмет саласындағы тәртіп сақтау органдарының заманауи техникамен, қару-жарақпен және басқа да жаңа технологиямен жабдықталу мөлшері жалпы қару-жарақ пен арнайы техниканың 30 пайызынан кем болмайды.
«Бағдарлама, сонымен қатар, елді мекендердің одан әрі заманауи электронды қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етіле беруін да назардан тыс қалдырмайды. Болжам бойынша, 5 жылдан соң көшелерге орнатылатын бейнебақылау камералары 2013 жылмен салыстырғанда 75 пайызға көбейтілетін болады», деп атап өтті Н. Сүйіндіков.