5 жылда Астананаың ЖІӨ-сі 1,6 есеге өсті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында депутаттар қаланы дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын іске асырудың нәтижелерін тыңдап, талқылады, деп хабарлайды қаланың ресми сайты.
- Бағдарламаны іске асырудың нәтижесінде Астана барлық өңірлер арасында тұрақты жетекші орынға табан тіреді. Бес жылдың ішінде жалпы өңірлік өнімнің көлемі нақты көрсеткіште 1,6 есеге өсті. Оның қорытындысы бойынша Астана экономикалық өсім қарқыны бойынша көш бастады. Қала экономикасына 3,2 трлн тартылды, бұл 1997 жылдан бері тартылған инвестициялардың жалпы көлемінің жартысын құрайды. Экономика мен халықтың іскерлік белсенділігінің артуымен әлеуметтік-мәдени салада да оң өзгерістер байқалады, - деді қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Айжан Түгелбаева.
Медициналық-әлеуметтік көрсеткіштерге келсек, бес жылда халықтың саны шамамен төрттен бірге өсті, осы уақыт ішінде 110 мың бала дүниеге келген.
Сондай-ақ, білім беру жүйесінде де айтарлықтай көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бес жылда мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 8 мың орындық 31 балабақша мен 20 мың орындық 18 жаңа мектеп пайдалануға берілді.
Аталған кезеңде 90 мың жаңа жұмыс орны ашылды, «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 4,8 мың адам кәсіби оқытумен қамтылды, 12 мыңнан астамы жұмысқа орналастырылды. Нәтижесінде, жалпы жұмыссыздық деңгейі 6,2%-дан 4,7%-ға дейін төмендеді - бұл еліміздегі ең төмен көрсеткіш. Ал орташа айлық еңбекақы 111 мыңнан 191 мың теңгеге дейін, 1,7 есеге артты.
Есепті кезеңде дене шынықтырумен және спортпен айналысатын халықты қамту көрсеткіші 1,5 есеге ұлғайды, балаларға арналған спорттық секциялар контингенті төрт есеге өсті.
Талқылау барысында депутаттар еріктілердің қозғалысы мен елордалық аула клубтарының жұмысына қатысты мәселелерді қайта көтерді. Қазіргі кезде олардың дамуында оң үрдіс байқалады, бірақ олардың қызметі заң жүзінде бекітілмеген.