«50-дей полицей сотталған» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикадағы басылымдарда 1 сәуір, сейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«50-дей полицей сотталған» - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында « Елу тоғыз депутат сайланды » деген мақала берілген. Кеше Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Венера Жексембекова 2014 жылғы 30 наурызда өткен мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау қорытындылары туралы брифинг өткізді. Оның хабардар етуінше, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституция­лық заңның 101-бабы 4-тармағына сәйкес, 30 наурыз­да респуб­ли­каның 14 өңірі бойынша 59 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өткен. Сайлауда Астана қаласы мәслихатының 1 депутаты, 7 облыстық депутат, 12 қалалық және 39 аудандық мәслихаттар депутаттары сайланған.

Сайлау науқаны барысында 188 кандидат ұсынылды, олардың 61-ін саяси партиялар, екеуін қоғамдық бірлестіктер ұсынды және 125-і өзін өзі ұсынғандар. Округтік сайлау комиссиялары мәслихат депутаттығына кан­дидат ретінде 170 адамды тіркеді. Орташа бәсекелестік бір де­путаттық мандатқа үш үміткерден келді. Жалпы, республика бойынша сайлау бюллетеньдеріне 145 кандидаттың тегі енгізілді.

Бас басылымның жазуынша, жақында ғана мектеп оқушылары арасындағы облыстық «Абай оқулары» байқауында Қостанай ауданының Алтындала ауылындағы Красный Октябрь орта мектебінің 10-сынып оқушысы Татьяна Ситникова Абай-Шәкәрім өлеңдерін көркемдеп оқудан бірінші орынды жеңіп алды. Ол Абайдың 200 өлеңін, Шәкәрімнің 50 өлеңін жаттаған, қазылар алқасы атаған кез келген өлеңді мүдірмей айтып берді. «Жыл сайын өтетін бұл байқау балалардың қабілетіне, дарынына, еңбекқорлығына нағыз сынақ десе болады. Қолдарындағы желісіз телефон, үйіне келсе компьютер алаңдататын бүгінгі уақытта баланың Абай өлеңіне ықылас қойып жаттауы оңай шаруа емес», - деп жазады газет тілшісі. Бұл жайында «Абай өлеңдері байқауында топ жарған Татьяна» атты мақаладан оқи аласыздар.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, бүгінде жаңа «Қылмыстық іс жүргізу кодексінің» жобасы айналасында үлкен айтыс-тартыстар жүріп жатыр. Парламентте ең қызу пікірталастар әсіресе, депутаттарға қатысты баптар бойынша өрбуде. Мәжілісте өткен арнайы жұмыс тобының отырысында бұл жөнінде Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне, Конституциялық кеңеске, Жоғарғы сотқа, тіпті Ұлттық қауіпсіздік комитетіне өз ұстанымдарын білдіруге тура келді. Өйткені Қазақстанда Парламенттің әлдебір қылмысты болған депутатын, шетелге қашып, табанын жалтыратпай тұрғанда, жедел «құрықтау» үшін қажетті алғышарттар түзілгелі тұр. Бұл жайында «Депутаттар қылмыс үстінде ұсталса...» деген мақаладан оқи аласыздар.

Осы басылымда «50-дей полицей сотталған» деген материал жарияланды. «Тұрғындардың полицейге деген сенімін жоятын проблеманың бірі азаптау фактілерінің жалғасуы. Прокурорлар ондай жағдайларға жедел әрекет етіп келеді және жедел әрекет етуді жалғастыра да береді. Тек былтырғы жылы ғана сотқа 52 қызметкерге қатысты қылмыстық іс жөнелтіліп, 46-сы сотталған», - деді Бас прокурордың орынбасары Нұрмұханбет Исаев. Қазіргі таңда азаптау деректері бойынша полицейлерге қатысты 19 қылмыстық іс тексеріліп жатыр.

***

«Ана тілі» басылымының соңғы санында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақовпен арадағы сұхбат берілген. «Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде қазақ­тың өсімі бар жоғы 4,3 пайыз құрады. Ал қа­­сымыздағы өзбек ағайындар 46 пайызға көбейді, яғни олардың саны 20 миллионнан 30 миллионға дейін жетті. Алатаудың арғы жағындағы қырғыздар 30 пайызға дейін өсті. Біздің өсіміміз неге соншама аз? Осы мәселе мені үнемі қатты толғандырады. Орта Азия халықтарының тұрмыс-тіршілігі, жер жағдайы ұқсас. Экономикамыз оларға қарағанда жақсы дамып келеді. Соған қарамастан демог­рафия­лық жағынан артта қала береміз. Елбасы 20 жыл ішінде Қазақстанда 6 миллион бала дүниеге келді деп атап көрсетті. Қуа­нышты жағдай. Бірақ өсіміміз шамалы. Себебі көп бала туу шектеліп келеді. Тұрмыс тауқыметі әйелдер қауымын тығырыққа тіреп, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында олардың біразы ала қап арқалап базарға шығып кетті. Қазақстанда тұрған өзге ұлттың жастары біртіндеп кетіп жатыр. Талайлар көшіп кетті. Рас, қазір Қазақстанға сонау Германиядан, Ресейден қайтадан келіп жатқандар бар. Бірақ ол жалпы өсімге соншалықты әсер ете алмайды», - дейді депутат. Бұл сұхбат «Ана мен баладан аянарымыз болмасын» деген тақырыппен жария етілді.

***

«Экспресс К» басылымының бүгінгі санында « Подвели под монастырь » атты мақала басылды. Астанада Шаолинь монастрінің филиалы ашылмақ. Қытайлық тараппен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде осындай келісімге қол жеткізілді. Осы орайда елордада шаолинь ушуының мектебі өз жұмысын бастауды көздеп отыр.

Шаолинь ушуы - бұл қытайлық Хэнань провинциясында пайда болған және дамыған қоян-қолтық ұрыстың және қаруды игеру әдістерінің дәстүрді атауы.