Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

50 млрд теңгеден аса қайтарылған актив Абай облысындағы әлеуметтік жобаларға жұмсалды

АСТАНА. KAZINFORM — Абай облысында қайтарылған активтер есебінен 26 әлеуметтік жоба қаржыландырылып, МРТ орталығы мен Оқушылар сарайы бой көтерді, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Семейде заманауи Оқушылар сарайы ашылды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Абай облысында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жалғасып жатыр. Өңірде жалпы құны 50 млрд теңгеден асатын 26 жоба жүзеге асырылып келеді.

— Негізгі нысандардың бірі — Семей қаласында салынған Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жаңа корпусы. Жобаның құны 2,6 млрд теңгені құрады. Нысанның пайдалануға берілуі психоневрологиялық аурулары бар азаматтарға арналған орын тапшылығын жоюға және арнаулы әлеуметтік қызметтер алу кезегін едәуір қысқартуға мүмкіндік берді, — делінген Абай облысының прокуратурасы таратқан ақпаратта.

Аягөз ауданында құны 250 млн теңге болатын магниттік-резонанстық томография аппаратын орналастыруға арналған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталды. Жаңа диагностикалық кешен облыстың бірнеше ауданының тұрғындарын жоғары технологиялық медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыс орталығында құны 7,6 млрд теңгені құрайтын, 1 500 орынға арналған заманауи Оқушылар сарайы салынды. Мұнда балалардың спортпен, жүзумен, робототехникамен, авиациялық модельдеумен, ІТ-технологиялармен және қосымша білім берудің басқа да бағыттарымен айналысуына барлық қажетті жағдай жасалған.

Қазіргі уақытта Оқушылар сарайына апаратын қауіпсіз кіреберіс жолдар мен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын қамтамасыз ету мәселесі пысықталып жатыр. Себебі нысан айналма автожолдың маңында орналасқан.

Қалған әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысы мен олардың уақтылы іске асырылуы Абай облысы прокуратурасының тұрақты бақылауында.

Бұған дейін қайтарылған активтер қаржысына Арқалық университеті толық жаңартылғанын жазғанбыз.