50 мың теңгеге қыз саудалаған Қарағанды қаласының тұрғыны ұсталды
АСТАНА. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Тәртіп сақшылары адам саудасымен күрес мақсатында жүргізілген операция барысында Қарағандыдан Астанаға арнайы адам әкеліп сатуға арналған арнаны анықтады.
Сондай-ақ осы шаралар кезінде олар Қарағандыдан алып келген бойжеткенді 50 мың теңгеге сатпақ болған осы қаланың тұрғынын ұстады. Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, осы шара барысында Жамбыл облысы мен Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарынан құралған қылмыстық топ құрықталған. Олар Шымкент қаласының тұрғыны мен Өзбекстан азаматшасын Алматының сауналары мен мейманханаларында сексуалдық қызмет көрсетумен айналысуға мәжбүрлеген. Ал Шығыс Қазақстан облысындағы шаруа қожалықтарының бірінің иесі 5 азаматты алдап апарып, өзінің қожалығындағы қара жұмыстармен айналысуға мәжбүрлеген.