50 үкіметтік емес ұйым Елбасының ағымдағы жылғы Жолдауын түсіндіру жұмыстарын бастады

Осыған орай бүгін ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев аталған міндетті жүзеге асыруға құлшыныс білдірген үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерімен кездесіп, алдағы міндеттерді талқыға салды.
Жиын барысында еліміздің Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева бұл тапсырманың орындалғанын жария етті. Оның айтуынша, мәдениет министрлігі ашық конкурс негізінде жеңімпаз деп танылған 50 ҮЕҰ-мен келісімшартқа отырып, қазіргі уақытта олар жұмыстарын бастап та кеткен.
Алқалы жиында негізгі сөз тізгінін қолын алған М.Әшімбаевтың атап өтуінше, биылғы Жолдауды ақпараттық қолдаудың форматын біршама өзгерту туралы саяси шешім қабылданған. «Бұл ағымдағы Жолдаудың стратегиялық концептуалды болуына тікелей байланысты. Онда мемлекет дамуының басымдықтары, таяу онжылдықтағы мемлекет алдында тұрған нақты тапсырмалар көрініс тапқан. Алдағы міндеттердің маңыздылығын ескере отырып, бұл жұмысқа ең қабілетті ҮЕҰ-ларды белсенді тарту туралы шешім қабылданды», деді.
ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы орынбасарының айтуына қарағанда, нәтижесінде маңызды жайттардың тағдыры шешілетін болғандықтан Мемлекет басшысы бұл жұмыстарға сәйкес министрліктермен қатар негізгі ҮЕҰ-ларды, қоғамдық бірлестіктерді, түрлі зерттеу орталықтарын тартуға шешім қабылдаған.