500 астам жас дарын Дельфий ойындарына қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада 12-14 сәуірде Қазақ Ұлттық өнер университетінде Дельфий ойындары өтеді. Ойындар байқау бағдарламасы түрінде ұйымдастырылады.
Оған 10-25 жастағы 500 астам жас дарын қатысады деп күтілуде. Бұл туралы astana.kz сайтына іс-шараны ұйымдастырушылар хабарлады.
Байқау қорытындысы бойынша фортепиано, скрипка, академиялық ән айту, халық әні, эстрадалық ән; баян, аккордеон, гармонь; халық аспаптары - қобыз, домбыра; фотосурет, бейнелеу өнері, поэзия, ди-джей аталымдары бойынша жеңімпаздар анықталады.
Қазақстан Республикасының және қалалық еңбегі сіңірген мәдениет және өнер қайраткерлерінен құрылған қазылар алқасы әр аталым бойынша жеке баға беретін болады.
Айта кетейік, Дельфий ойындары дарынды шығармашыл жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету, жас буынның патриоттық сезімін қалыптастыру, елге деген мақтаныш сезімін ояту, жастардың бойында толеранттылық пен басқа мәдениеттерге деген қызығушылықты тәрбиелеуге бағытталған.
Сонымен қатар, аталған жарыс дарынды жастарға өзінің өнерін паш етіп, әлемдік мәдениет тарихына қатыстылығын сезінуге мүмкіндік береді.