500-ден астам қандас студент Астанада бас қосты

АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және басқа да елдерден келіп, Қазақстанда білім алып жатқан 500-ден астам қандас студент Астанада өткен жастар форумында кездесті. Олар білім алу, жұмысқа орналасу, кәсіп бастау және кәсіби тұрғыдан даму мүмкіндіктерін талқылады.

500-ден астам қандас студенттер Астанада бас қосты
Фото: Отандастар қоры

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Отандастар кездесуі: Жастар форумы» өтті. Басқосу атажұртқа оралған жастарды Қазақстандағы мүмкіндіктермен жақынырақ танысуына жол ашты.

Форумның басты мақсаты — шетелден келген қазақ жастарының білім мен еңбек нарығындағы әлеуетін ашу, қоғамға бейімделуіне көмектесу және елдегі кәсіби даму мен кәсіпкерлік мүмкіндіктерін таныстыру.

Отандастар қоры.
Фото: Отандастар қоры.

— Бағдарлама аясында мотивациялық сессия ұйымдастырылып, спикерлер жастармен білімнің маңызы, ұлттық құндылықтар, мақсат қою, көшбасшылық, тұлғалық даму және кәсіпкерлік туралы ой бөлісті. Студенттер спикерлерге көкейдегі сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасты. Әсіресе Қазақстанда жұмысқа орналасу, кәсіп ашу, білімін жалғастыру және кәсіби ортаға бейімделу мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды Отандастар қоры.

Отандастар қоры.
Фото: Отандастар қоры.

Форум аясында қандас студенттердің тың идеяларын қолдауға бағытталған «OQ-startup» шығармашылық байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Байқау инновациялық, әлеуметтік және шығармашылық жобаларды анықтап, жастардың бастамаларына қолдау көрсету мақсатында өткізілген.